Ақтау тұрғыны қыста суға түсуді әдетке айналдырған

Қыстың көзі қырауда теңізге шомылған адамды көрдіңіз бе? Ақтаулық Тимур Нұрмағамбетовтың 3 жылдан бергі әдеті осы, деп хабарлайды Хабар 24.

Күнделікті теңіз жағасында жүгіреді, әрі қарай Каспийге бір сүңгіп шығады. Шыныққан жан осы үш жылда еш ауырмағанын айтады. Бұл – жүгіру алдындағы шынығу сәті. 41 жастағы Тимур Нұрмағанбетов бұлшық еттерін ширатып, тынысын қалыпқа келтіреді. Салауатты өмір салтын ұстанатын оның таңы осылай басталады. Жаттығудан соң қалың киімдерін шешіп, жүгіруді жалғастырады.  

Тимур Нұрмағанбетов 7 шақырымдай жүгіріп, теңізге түсуге дайындалып жатыр. Бұл істі осыдан 3 жыл бұрын бастапты. Оған қыстың ызғарлы суығы да кедергі емес. Қазір даладағы ауа температурасы минус 7 градусты көрсетіп тұр. Ал Каспийдегі көрсеткіш минус 2 градус шамасында. Соған қарамастан ол суық суға күмп етті.

Тимур Нұрмағанбетов, қала тұрғыны:

– Суық суға шомылу үшін ең алдымен психологиялық тұрғыдан дайын болуыңыз керек. Қадам-қадаммен әрекет еткен абзал. Бірақ пайдасы көп. Бұлшық ет пен буын ауруын сезінбейсіз, тұмау дегенді атымен ұмытасыз. Ал психологиялық тұрғыдан өзіңе деген сенім артып, ұстамды, төзімді бола түсесіз.

41 жастағы Тимур жеңіл атлетикамен жастайынан айналысады. Қаладағы түрлі марафондарға қатысып, жеңімпаз атанған. Ара-тұра елордадағы морждармен бас қосып, Есілге шомылады. Ал Ақтауда Каспийге аптасына кемінде 5 рет барады. 

Александр Убейкин, қала тұрғыны:

– Мен де күнде таңертең жағалауда жүгіремін. Тимурды үнемі кездестіремін. Оған таңғаламын. Сырт киімсіз жүгірмек түгілі, қалай мұздай суға жүзеді? Өзім жарты сағаттай ғана жүре аламын. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді.  

Тимур Нұрмағанбетовтың 4 баласы бар. Алдағы уақытта оларды да спортқа баулып, қасына серік болуға үйретуді жоспарлап жүр.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев