435,10 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтөбелік ару әлем чемпионы атанды

  • 118
  • UPD: 11:40, 26.12.2021

Ақтөбелік Динара Дүйсенбаева әмбебап жекпе-жектен боз кілемде топ жарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Полиция майоры Түркияда өткен біріншілікте бас жүлдені иеленген. Бұл спортшының халықаралық дәрежедегі алғашқы алтын медалі. Динара бұған дейін бірнеше рет дүние жүзілік додада жүлдегер атанған болатын.

Динара Дүйсенбаева алғаш рет кимоно киіп, боз кілемнің бетіне 5 сыныпта шыққан. Содан бері дзюдоның әдіс-тәсілдерін игеріп, үздіксіз жаттығып жүр. Кәсіби спортшы болуды бала күнінен армандаған соң дарындыларға арналған мектеп-интернатты да тәмәмдаған. Ал әмбебап жекпе-жекпен осыдан үш жыл бұрын шұғылдана бастапты.

Динара Дүйсенбаева, әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы:

– Әмбебап жекпе-жекте ринг дейді ғой. Сол ринге барлығы дзюдо күресімен бірдей деп айтуға болады. Нысананы көздеп атуды мен 16 жасымда үйрендім. Ақтөбе заң колледжіне түскен уақыттан бастап нысананы атуды үйрендім.

Кедергілі жүгірумен бірге әмбебап жекпе-жекте тапанша атып және пышақ лақтырып нысанаға дөп тигізу керек. Спорттың бұл қырын кәсіби деңгейде игеру үшін кейіпкеріміз полиция департаментінің арнаулы жасағымен бірге жаттыққан. Нәтижесі жемісті боп, үш жыл ішінде әлем чемпионатын бағындырды. Қазір өзі білім алған Ақтөбе заң институтында болашақ полицейлерді жаттықтырып жүр.

Динара Дүйсенбаева, әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы:

– Қазіргі мақсатымыз осы тыңдаушылар мен курсанттардың жауынгерлік күрес тәсілдерін меңгертіп, дене пішімдерін жоғары деңгейге көтеріп, спорттық дәрежемізді көтеру. Осы бізге келіп, курсанттар 4 жылда тәрбиелеген тыңдаушыларым бар. 4 жылдың ішінде мастер спорта алғандар бар, кандидат мастера спорта алып қорғағандары бар. Сол тыңдаушыларыммен, курсанттарыммен мақтанамын.

Бұл – Динара Дүйсенбаеваның бапкерлік саладағы алғашқы қадамы. Дегенмен әзірге кәсіби спортты қатар алып жүруді көздейді. Тіпті әмбебап жекпе-жектен әлемнің  үздік палуаны екендігін дәлелдеу үшін екі мәрте чемпиондық атағын қорғауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы