Елорда маңындағы дрифт жарысына 60 автошабандоз келді

Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында үшінші қысқы дрифт ойындары басталды. Алғашқы кезеңге еліміздің әр түкпірінен 60 автошабандоз келді.

Қатысушыларда арнайы лицензия болуы шарт. Олар ақ қар, көк мұзда асқан жылдамдықпен түрлі әдіс жасап, қарсыласын ықтыруы тиіс. Көлік тізгіндегендер арасында 14 жастағы өрен де бар. Күннің аязына қарамастан мұз үстіндегі тартысты тамашалауға келгендер қарасы қалың. Экстремалды спорт түрінен үздік шыққандарға кубок, медаль және құнды сыйлықтар табысталады. Екінші кезең қаңтардың ортасына жоспарланған. Жиыны 5 кезеңге созылатын жарыс наурызға дейін жалғасады.

Родион Хазимухаматов, ұйымдастырушы:

- Жарыс жолын дайындау жауапты жұмыс. Алдымен мұзды өлшейміз, қауіпсіздігін тексереміз. Сосын негізгі жұмыстарға көшеміз. Көрермендердің де қауіпсіздігі маңызды. Қалқан, биік орындықтар әзірленген. Бәріне жақсы көрініп тұрады.