434,24 496,10 5,71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысында ауыл балалары суда жүзуден жарысқа қатысып, жүлдегер атанды

  • 134
  • UPD: 10:00, 29.12.2021

Амангелді ауданының тарихында алғаш рет бассейнде жүзуден жарыс өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

Ақтұрсын Омарұлының жүлдесіне арналған турнирге аудан орталығы мен маңайдағы 6 ауылдан 40-қа жуық оқушы қатысты. Осылайша ауыл тұрғындары қыстың көзі қырауда жабық әрі жылы бассейннің ішіндегі сайысты тамашалап, бір сергіп қалды.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

– Қазақстан бокс, күрес, ауыр атлетика ғана емес жүзуден де әлем елдерімен  бәсекеге түсе алады. Ол үшін аудан, ауылдарда мынадай бассейн болуы керек. Амангелдіде ол бар. Биыл жаздың басында ашылған еді. Міне араға алты ай салып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аудан тарихында алғаш рет жүзуден жарыс өткізіп жатыр.

Баландиннің жеңісті жолын жалғайтын чемпиондар осы балалардың арасында. Тек талантты танып, жігерін жанып, үлкен додаға қосу керек. Бапкерлердің де мақсаты осы. Жүзем деген баланың бетін қақпай белін буады.

Нұрлыбек Әбдіхалқов, Амангелді ауданы жабық бассейннің меңгерушісі:

– Қазірдің өзінде бізге 30-ға тарта қыз бала қатысады, 50 шақты ер бала қатысады. Оның сыртында 30-дай бала ауылдық жерлерден келіп жатыр. Өздері тілек білдірді қатысамыз деп. Бұдан жеңіп шыққан балалар облыста өтетін суға жүзуден жарысқа қатысады.

Жарыс жүзудің төрт түрі бойынша 2006-2011 жылы туған балалар арасында болды. Қыздар да өзара мықтыны анықтады. Алғашқы жарыс болған соң қатысушылардың бойында аздап қобалжу байқалған еді. Алайда жеңіс жолында ешқайсы да жасқанып қалмады.

– Жүзуден 4 түрінен қатыстым. Екі түрінен орын алдым да, қалған екеуінен ұтылып қалдым. Келесі жолы төрт түрінен де бірінші орын аламын деген үміттемін.

– 9-сынып оқимын. Осы қыркүйек айынан бастап қатысамын. Еркін жүзуден үшінші орын алдым.

– Үшеуінен екінші орын, біреуінен үшінші орын алдым. Чемпион болғым келеді.

Иә, бұл балалардың чемпион атануын ата-анасы мен ағайын туысы да армандайды. Сондықтан байрақты бәсекелердің бастауы болатын алғашқы жарыста баласының жанынан табылып, қолдап қолпаштауға олар да келді.

– 2010 жылғы балам осында бассейнге қатысып жүр. Бірінші сайысы.Соны көруге, қолдауға келіп отырмын.

– Үмітім зор. Мына ұлымды үйретіп жүр. Немере қызым айтады әже сол баланы су жолдайтыннан мастер спорта қылып чемпиондық алатын болсын деп.

Амангелді ауданындағы бұл бассейін 1 маусым балаларды қорғау күніне орай пайдалануға берілген еді. Құрылысын  ауылдың тумасы, жиһангез Сапар Ысқақов қаржыландырды. Енді алғашқы жарысқа да арнайы келіп, демеушілік жасады.

Сапар Ысқақов, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті:

– Торғай елінде бұрын мұндай бассейндер болған емес. Жас балалардың мұндай спорт түрімен айналысуға мүмкіндігі болмай келді. Сондай мүмкіндік бүгін туып отыр. Менің қуанып отырғаным кішкентай жас балалар, 2011-2015 жылға балалар соның өзі бәрі жалдап үйреніп жатыр.

Жарысқа Амангелді ауданының Байғабыл, Құмкешу, Үрпек, Амантоғай, Қарасу ауылдарының балалары қатысты. Мәреге бұрын жеткендер арнайы грамота, медаль және қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Қуаныш Қожабеков

Хабар 24 телеарнасы