Қазақстандық шахматшы 17 жасында әлем чемпионы атанды

Тарихи жеңіс. Бибісара Асаубаева шахматтың блиц түрі бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Хабар 24.

17 жастағы қазақ қызы ересектер арасында топ жарды. Сәйкесінше әлем тарихындағы ең жас чемпион атанды. Бұған қоса бұндай деңгейдегі жеңіске қазақстандық спортшылар арасынан алғашқы болып, қол жеткізіп тұр. Байрақты бәсекені Варшава қаласы қабылдаған болатын. Оған 50 елден 200-ден аса үміткер қатысты. Араларында қазіргі және бұрынғы әлем чемпиондары бар. Бибісара шешуші сындарда грузиялық Нана Дзагнидзені ұтты. Артынша тағы бір қазақстандық Әсел Серікбайды жеңді. Ең соңында ресейлік халықаралық гроссмейстер Александра Костенюкпен жолығып, тең түсті. Осының арқасында жалпы есепте 14 ұпай жинап, топ басына шықты. Екінші және үшінші орынды ресейлік спортшылар иемденді.

Шаңғымен трамплиннен секіру шеберлері Германияға жиналды

Бұнда әйгілі әлемдік турнир басталды. Ол бас-аяғы 4 кезеңнен тұрады. Алғашқысында жерлестеріміздің жолы болмады. Қазақстан құрамасының өкілдері алдыңғы  50 спортшы қатарына ене алмады. Атап айтар болсақ, Сергей Ткаченко – 52, Сабыржан Муминов – 54, ал Данил Васильев 58-орындарға жайғасты. Екінші кезең де дәл осы осы жерде өтеді. Қалған қос жарысты Австрия қабылдайды. Еске сала кетейік, дәл осы спорт түрінен ұлттық құрама қоржынында олимпиаданың 2 жолдамасы бар. Сабыржан Муминов алдағы  әлемдік аламандарда тәуір нәтиже көрсетсе тағы бір лицензия әкелуі мүмкін. Ал, Бейжіңдегі қысқы ойындардың өзі 4 ақпанда басталады. 

Жаңа жылдық жүгіру

Дәл осындай атаумен елордада арнайы жарыс өтеді. Оның аясында бүгін, яғни 31 желтоқсан түнгі 11-де спорт әуесқойлары паркке жиналып, жалпы физикалық жаттығулар жасайды. Артынша бұқаралық жүгіру және скандинавиялық жүріс бойынша өара мықтыны анықтайды. Жарыстың жолының қашықтығы 2022 метр. Жергілікті тұрғындар жаңа жылды осындай ерекше үлгіде қарсы алмақ. Бастаманы спортқа жауапты министрлік қолға алды және алдағы жылдары тұрақты ұйымдастырмақ. Басты мақсат салауатты өмір салтын насихаттап, пандемияға қарсы спорттық акцияны қолдау дейді басы-қасындағылар.