434,34 494,00 5,52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Отандық спорт: жетістіктер мен сәтсіздіктер

  • 93
  • UPD: 19:54, 31.12.2021
Отандық спорт: жетістіктер мен сәтсіздіктер

2021 жылы Қазақстан спорты қандай белесті бағындырды, әлде сәтсіздіктер көп пе? Ел иммиджі мен ұлт саулығына жауапты саланың даму деңгейі қалай?

2021 жыл оңай болған жоқ. Өйткені жылдың басы коронавирусқа қатысты қарбаласқа тұспа-тұс келді. Бұл мәселе әлі күнге дейін де өзекті. Бірақ ол кезде індет кәдімгідей өршіп, жаттығудың өзі арманға айналған. Барлығы тұралап қалды. Осы кезде басқа елдер сияқты бізде де спортты қайта жандандыруға күш салынып, әртүрлі бағдарлама жасалды. Онлайн форматтағы жарыстар пайда болды. Жерлестеріміз осындай үлгіде халықаралық додаларға қатысып, тіпті жүлдеге ілігіп те жатты. Одан кейін керісінше, онлайн жарыстарды өзіміз ұйымдастырып, әлем спортшыларын виртуалды алаңға жинадық. Бір сөзбен айтқанда, саланың тыныс-тіршілігі жаңа жағдайға бейімделе бастады.

Бақтияр Масанов, бұқаралық іс-шаралар өткізу дирекциясының басшысы:

- Жұмыс тоқтап жатқан жоқ. Пандемия деп адамдар үйде отырған жоқ. Әртүрлі бағдарламалар ойластырып жатырмыз. Онлайн хашмати, онлайн тоғызқұмалақ өткіздік. Одан бөлек, ай-айға бөлініп, онлайн жүгіру өткіздік. Жұмыс қайнады. Тоқтап жатқан жоқ.

Жылдың басты бәсекесі Токиода өтті. Пандемияның әсері ме, әлде басқа себеп бар ма, әйтеуір нәтиженің нашар болатынын алдын ала білдік. Іріктеу сындарында жерлестеріміз жолдама алып жатты. Бірақ фавориттер қатарында болмады. Сондықтан жарыс басталмай жатып, шетелдік сарапшылар да, отандық сарапшылар да дабыл қаққан болжамдарын жариялады. Көп ұзамай ол расталды. Қазақстан құрамасы Токио олимпиадасынан 8 қола жеңіп алды. Бұл ел тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.  

Серік Жарасбаев, ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Өкінішке орай барлығымыз білеміз, ол кезде нәтиже ақталмады деп айтуға болады. Бірақ 2022 жылдан бастап спорттық ізбасарларды, резервті дайындау үшін көптеген құқықтық-нормативтік актілерге өзгеріс енгізіліп, біз өзіміздің басты бағытымызда аймақтарда, республикалық деңгейде мектеп интернаттарға бағыт жасайын деп жатырмыз. Себебі бүкіл резерв, ізбасарлар осындай олимпиадалық даярлау орталықтарында, дарынды балаларға арналған спорттық мектептерде оқып жатыр.

Есесіне паралимпиада ойындары жемісті болды. Тарихи жетістіктерге жеттік. Ауыр атлетикадан 1 алтын, дзюдодан 3 күміс және жүзуден 1 қоламыз бар. Жыл соңына қарай кестедегі басқа да құрлықтық және әлемдік додалар қайта жанданып, қысқа аралықта бірінен соң бірі ұйымдастырылып жатты. Әсіресе, боксшыларымыз олимпиадада кеткен есені әлем чемпионатында қайтарды. Белградтағы додадан 5 медальмен оралды. Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов әлем чемпионы атанды. Ал күресте, керісінше үміт ақталмады. Дүниежүзілік доданы Осло қаласы қабылдаған. Грек-рим және еркін күрес шеберлері құралақан қайтты. Тек әйелдер арасында Жәмиля Бақбергенова ғана күміс жүлде иеленді. Артынша ауыр атлетика шеберлері Ташкентте бас қосты. Бұл сында Арли Чонтей ғана алтын алды. Осылай-осылай жерлестеріміз бірде тәуір, бірде нашар нәтиже көрсетіп жүргенде футзал шеберлері айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, жарыс нәтижесінде төртінші орынға тұрақтады. Мұндай жағдай ел тарихында алғаш орын алып тұр. Сенсация. 2021 жыл Бейжің олимпидасына дайындықпен де ерекше есте қалды. Қытай астанасы бір айдан кейін қысқы ойындарды қабылдайды. Ал оған дайындық жылдың басынан басталып, әлі күнге дейін үзілген жоқ. Ұлттық құрама еншісінде қазір 60-дан аса лицензия бар. Іріктеулер жалғасып жатыр.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Бүгінгі күнде дайындық болып жатыр. Өздеріңіз көріп жатырсыздар. Әлем чемпионаттарында, әртүрлі лицензиялық чемпионаттарда спортшыларымыз жақсы көрсеткіштерін көрсетіп жатыр. Сонымен қатар осы олимпиада ойындарында біздің спортшыларға сәттілік тілегім келеді. Мемлекет ағынан бүкіл жағдайлары жасалған. Қайда барам дейді, қандай спорттық инфрақұрылымда дайындық жасаймыз десе де, сол инфрақұрылым, баратын жерлеріне жағдайын жасап жатырмыз.

Бұған қоса, араға ұзақ уақыт салып ел ішінде де әртүрлі жарыстар жанданды. Халықаралық Астана және Алматы марафондары өтті. Ал елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы еліміздегі ең ірі спорттық қалаға айналды. Бұнда бір жылдың ішінде небір кешендер қолданысқа берілді. Тариха алғаш рет жеңіл атлетикадан және садақ атудан халықаралық жарыстарды қабылдады. Айта берсе көп енді. Қалай болғанда да 2021 отандық спортқа берері мол болды. Маңызды жыл. Ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп және алдағы жыл одан да жемісті болады деген үміттеміз.

Аслан Қаженов

Хабар 24 телеарнасы