434,24 496,10 5,71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандылық желаяқ жыл сайын жаңа жылды стадионда қарсы алады

  • 78
  • UPD: 15:33, 01.01.2022

Жұмағазы Мұхамеджановтың жаңа жылды жалғыз өзі стадионда қарсы алып келе жатқанына ширек ғасыр болған, деп хабарлайды Хабар 24.

Ол әр жыл сайын жасына қарай жүгіреді екен. Биыл 53-ке толған азамат алаңды 53 мәрте айналды.

Жұмағазы Мұхамеджанов, Балқаш қаласының тұрғыны:

– Қырық жасқа келгенде 40 айналым  жүгірдім, 50-ге келгенде  50 айналым. Бұл маған мотивация береді, бойыма қуат, келер жылға үміт береді. Келер жылға үлкен жоспар құрамын, спорт алаңында өстіп жүгіріп жүріп, алдыма жоспар қоямын. Сол жоспарды орындау үшін өзім табиғаттан қуат аламын. Қазақ айтады ғой, «шынықсаң шымыр боласың» деп. Жастарды үйде телевизордың алдында отырмай, осылай таза ауада жүрсе деп айтамын.

Желаяқ осы күнге дейін шамамен 30 мың шақырым жүгірген. Күн райы оған кедергі емес. Спортпен шұғылданған адамның бойы сергек, ойы жүйрік болады, – дейді.

Жұмағазы Мұхамеджанов, Балқаш қаласының тұрғыны:

– Біздің жастар қазір өте ақылды, білімді. Бірақ осы қимыл-қозғалыс аз. Сондықтан біздің жастар арасында аурушаң бала көп. Соны болдырмау үшін жүгіру керек. Мысалы мен бойтұмар қылып айтарым, Жапон елдері 80-90 жас жасайды екен. Оның құпиясы біреу-ақ. Таңғы жаттығу, таза ауада серуендейді екен. Сол жақсы үрдіс қазақ елінде қалыптасса екен деген үміттемін.

Жұмағазы Мұхамеджанов жастайынан спортты жанына серік еткен. Әуелде самбо күресімен шұғылданса, кейін жеңіл атлетикаға ден қойған. Халықаралық марафондардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Жауынгерлік самбодан да байрақты бәсекелерде топ жарған.

Ол көнеден бері көшпенділердің иығынан түспеген қымбат мұрамыз – садақты да барынша насихаттап келеді. Кенже қалған жауынгерлік өнерді қайтсем дамытамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Бүгінде екі бірдей шәкірті, садақ атудан спорт шебері, ұлдары Жанәли мен Райымбек те бекзада өнерге бет бұрған. Ұлтжанды азамат бұдан бөлек ел жадынан ұмыт болуға айналған қазақтың құсбегілік, аңшылық, ұсталық өнерін де балалардың бойына сіңіріп жүр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы