Қажымұқан Мұңайтпасұлы түрік жұрты үшін қымбат тұлға

Биыл қазақтың біртуар тұлғасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Атаулы күнге орай Анкарада еркін күрестен халықаралық ашық турнир өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазақтың бірінші кәсіпқой балуанына арналған халықаралық жарыс Анадолы жерінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. 13-17 жас аралығында кіл мықтылардың жиналған спорттық додасына 100-ден астам апайтөс, саңлақ күш сынасты. Олардың арасында Қазақстан мен Түркиядан басқа Германия мен Болгарияның ұлттық құрама спортшылары бар. Балуандар бозкілемде 10 салмақ категориясы бойынша белесті.

Ел есінде өшпес із қалдырған Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған турнирдің мақсаты әлемге соның ішінде түркі жастарына ортақ тұлғаны таныту және қос елдің жас спортшылары арасында өзара байланысты арттыру.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы елшісі:

–Түркия жерінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы көп біле бермейді екен. Бір жағынан спорт сүйер қауым үшін де үлкен жаңалық болды.

Федерацияның айтуынша, осындай Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы турнирді жылда дәстүрлі түрде өткізейік деген ұсыныс келіп түсті. Олар да қабылдап жатыр. Қажымұқан Мұңайтпасұлы тек қазақтың күш атасы емес, жалпы түркі әлемінің ұлы тұлғасы.

Кәсіпқой балуан 1911 жылы Ыстамбұлға барады. Сол кезеңде түрік палуандары әлемде теңдесі жоқ саналатын. Сондықтан бозкілемде туыстас жұрттың спортшыларына қарсы ешкім келе алмайтын. Мұны естіген намысқой Мұқан алып шаһарға арнайы барып, түріктің ең мықты балуанын тізе бүктіреді. Қазақтан шыққан қуат иесінен қатты әсер алған Ыстамбұл басшысы оны өзімен бірге Меккеге ертіп апарады. Сол күннен бері Мұқан Қажымұқан деп есімін өзгертеді. Осы себепті болар Қажымұқан түрік жұрты үшін қымбат тұлға.

Шереф Ероғлұ, Түркия күрес федерациясының президенті:

– Сіздің құндылығыңыз – біздің құндылығымыз, чемпионыңыз – біздің чемпионымыз. Ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Тұңғыш рет бастадық. Дегенмен алдағы уақытта бұдан да үлкен деңгейде өткіземіз деген ниеттеміз. Бұдан да көп спортшы шақырып, сіз және біз болып әлемдік деңгейге жеткізейік.

Айтулы сында Қазақстанның абыройын қорғаған балуанның бірі – Жандәулет Таштанбек. Бозкілемде 71 келі салмақта шеберлікпен айқасқан спортшы Анадолы төрінде жеңіс тұғырынан көрінді.

Жандәулет Таштанбек, турнир жеңімпазы:

–  Бірінші рет түрік және неміс әріптестеріммен күрестім. Оңай болған жоқ. Қажымұқан атамыздың аруағы қолдап, біріншілікті иемдендім. Толқып тұрмын. Алтын медалімді күш атасының 150 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту етемін.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен жетістіктерімен танысқан түрік жастары Қазақстанға барып тамырластарымен белдессек дейді.

Мустафа Девели, турнир жеңімпазы:

– 48 келі категориясы бойынша жарысты біріншілікті иелендім. Бұған дейін Болгария мен Босния Герцеговинада чемпион атандым. Алдағы уақытта Қазақстанда жарыссам деймін. Қазақ балуандардың тілін түсінген жоқпын. Бірақ бозкілемде әбден белдестік. 

Спортшы жастар шамамен 9 сағат бойынша күш сынасты. Нәтижесінде, бірінші орынға – Түркия, екінші орынға – Германия, үшінші орынға Қазақстан жайғасты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен арнайы жүлдеге, сондай-ақ ынталандыру сыйына ие болғандардың барлығына қаржылай сыйлық берілді.

Авторы: Меруерт Қанағат