Допты хоккей: «Ақжайықтың» екі ойыны кейінге қалды

Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайықтың» екі ойыны кейінге шегерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оралдықтар 10-11 қаңтар күні өз айдынында Орынбордың «Локомотивін» қабылдау керек еді, әйтсе де бұл кездесу елдегі төтенше жағдайға байланысты өтпей қалды. «Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақовтың айтуынша, қазіргі кезде орынборлықтармен келіссөздер жүргізілуде. Алдағы уақытта төрт матч Орынборда өтуі мүмкін (негізі, командалар екі ойынды өз айдынында, қалған екеуін сыртта өткізеді). Оралдық команда басқа ойындарын өз мерзімінде өткізеді. Батысқазақстандықтар 2-3 ақпанда өз айдынында Верхний Уфалейдің «Никельщик» командасын қабылдайды. Николай Шавалдиннің шәкірттері 10 ойыннан кейін 21 ұпаймен үшінші топта бұрынғысынша екінші орында келеді.