Теннис: Анна Данилина Сидней турнирінің жеңімпазы атанды

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінде жеңіс туын көтерді.

А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге соңғы бәсекеде германиялық Вивиан Хайзер – мажарстандық Панна Удвардимен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда германиялық-мажарстандық жұп алда болды - 6:4. Екінші сәтте Анна мен Беатрис брейкпен алға шықты. Ұпай саны 2:0. Ақыры сол жетістікті сақтай алды - 7:5. Супер тай-брейкте де олар 4:0 есебімен алға кетті. Ойын соңында әлденеше матчболды пайдалана алмағанымен, 10:8 жеңіспен тәмамдады. 1 сағат 36 минутқа созылған кездесуде қарсыластар қос-қостан брейк жасады. Осылайша Анна Данилина жұптық сында спорттық жолында алғаш рет WTA 500 жарысының чемпионы атанды. Енді ол Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.