Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің он екінші ракеткасы атанды

Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте ресми түрде 12-орынға көтерілді, деп хабарлайды Vesti.kz. 

Бүгін, 16 қаңтарда Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингі жарияланды. 

Осыған дейін 13-орында тұрған отандасымыз американдық Совия Кенинді небәрі үш ұпайға басып озды. 

11-орынға 2968 ұпайы бар ресейлік Анастасия Павлюченкова жайғасса, тунистік Онс Жабер 3500 ұпаймен ең үздік ондықты түйіндеп тұр. 

Қазақстан теннисінің тарихында бұрын-соңды ешқандай спортшы 12-ге дейін көтерілмеген. 

Сонымен қатар төрт саты жоғарылаған Зарина Дияс 732 баллмен 104-орынға шықты.