Қазақстандық спортшылар Бейжің олимпиадасына қызу дайындық үстінде

Қазақстандық спортшылар Бейжің олимпиадасына қызу дайындық үстінде

Шорт-трек шеберлері 5 ақпанда жарысты бастайды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бейжің олимпиадасының жарыс кестесі жарияланды. Оған сәйкес бас-аяғы 3 мыңға жуық спортшы 15 спорт түрі бойынша, яғни, 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Негізгі жарыс ашылу салтанаты өтпей тұрып басталып кетеді. Ал ұлттық құрама үміт артып отырған шорт-трек шеберлері 5 ақпанда жарысқа араласады және бұл спорт түріндегі бәсекелер 16 ақпанға дейін жалғасады. Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын қыз-жігіттер бұл жолы 9 лицензия жеңіп алды. Көрсеткіш алдыңғы Пхенчхан олимпиадасымен салыстытрғанда біреуге кем. Қазір ұлттық құрама елордадағы «Алау» мұз айдынында соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Олимпиадаға аттанбас бұрын спортшылар 2 апта жабық карантинде болуы керек.

АУСТРАЛИЯ АШЫҚ БІРІНШІЛІГІ

Бублик жарысты сәтті бастады. Аустралияның Мельбурн қаласында теннистен дәстүрлі чемпионат өтіп жатыр. Аустралия ашық біріншілігіне биыл 9 жерлесіміз жолдама алды.

Айта кету керек, бұл өзіндік рекорд. Яғни отандық теннис тарихында мұндай көрсеткіш болмаған. Сонымен алғашқы жарыс күні 3 бірдей теннисшіміз өнер көрсетті. Әсіресе Александр Бублик алғашқы айналымда америкалық Эрнесто Эскобедомен жолықты. 2 сағат 32 минутқа созылған ойын қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталды. Енді Бублик француз  Гаэль Монфиспен кездеседі. Ал Михаил Кукушкин алғашқы айналымда америкалық Томми Полға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Дәл осылай Юлия Путинцева да жарысты ерте аяқтады. Әлемдік рейтингте 43 тұрған Путинцева 110 тұрған франциялық Хармони Таннан жеңілді. Аустралия ашық біріншілігі 30 қаңтарға дейін жалғасады.