Еліміздің футзал құрамасы Нидерландқа аттанды

Еліміздің футзал құрамасы Нидерландқа аттанды

Ұлттық құрама Нидерландқа аттанды. Бүгін Гронинген қаласында футзалдан құрлықтық дода басталады.

Рикардо Кака баптайтын жігіттер қалыптасқан жағдайға байланысты қаңдардың басында Еуропаға шыға алмады. Енді ғана орайын тауып, негізгі құрама жарыс өтетін жерге жетті. Бірақ оның сапында бас бапкер жоқ. Кака коронавирус жұқтырды. Оның сынамасы оң нәтиже көрсетті деп хабарлайды проспортс.кз порталы. Дәл осындай себеппен Арнольд Кнауб және Дәурен Тұрсаұлов та ұша алмады. Қалған жігіттер бүгін Словения құрамасымен кездесуі керек. Егер бас бапкер чемпионатта болмаса оны командадағы көмекшісі Сергей Коридзе алмастырады. Жарыстың өзі 6 ақпанға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасы бұл жолы «В» тобында өнер көрсетеді. Бұл топта жерлестерімізден бөлек Словения, Финляндия және Италия құрамалары бар.  

Қоржында 82 жолдама. Қысқы спорт түрлері бойынша лицензиялық және рейтингілік турнирлер аяқталып, Олимпиада жолдамалары таратылды. Нәтижесінде ұлттық құрама спортшылары 82 жолдама жеңіп алды. Бұл жөнінде Ұлттық олимпиадалық комитет хабарлайды. Оған сәйкес, жерлестеріміз Бейжің Олимпиадасында 8 бағыт бойынша сынға түседі. Әсіресе шаңғы жарысында 30 жолдамамыз бар. Одан кейін конькимен жүгіру, шорт-трек және фристайлдан салыстырмалы түрде көрсеткіштер жақсы. Бұған қоса ұлттық құрама шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысы бойынша да жүлдеге қол созып көреді. Ал ел намысын қорғайтын спортшылардың жалпы саны 32. Олар қазір Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жабық карантин жағдайында жаттығып жатыр. Қазақстандық делегация Қытай астанасына 27 қаңтарда чартерлік рейспен жеткізіледі.