Бейжің 2022: шорт-тректен Қазақстан намысын кімдер қорғайды

Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) шорт-тректен Қазақстан командасына берілген олимпиадалық квоталарды растады. Еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитетіне ұйымнан ресми хат келді деп хабарлайды Olympic.kz. 

ISU шешімі бойынша Қазақстан командасы бес спортшыға арналған тоғыз лицензия берілді (үш ер адам, екі әйел адам). 

2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан атынан Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова мен Яна Хан сынға түседі. 

«Біз үлкен жұмыс атқардық. Жоспар бойынша, 10 лицензия алуды көздегенбіз. Бірақ бір жолдама кем түсті. Екі лицензияны Ольга Тихонова жеңіп алды. Одан бөлек, екі ер адам, екі әйел адам сынға түсетін қосымша эстафета бар. Аталған эстафетада біздің команда 12-орын иеленді, сол себепті, біздің қыздар командасына тағы бір жолдама берілді. Бұл бәсекеге Яна Хан дайындалуда. Соңғы әлем кубогінде ол 500 метрге жүгіруден өте жақсы нәтиже көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартқанын ұмытпау керек. 

Ерлер арасындағы бәсекеде Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов пен Денис Никиша бақ сынайды. 500 метрге жарысудан үшеуі де сынға түседі. Бұл қашықтықта Денис өзін жақсы сезінеді, әлем кубогі кезеңдерінде жүлдеге ілігіп жүр. Абзал команданың көшбасшысы, ал Әділ жастығына қарамастан жоғары орындардан көрінген спортшы. Ол 500, 1000, 1500 және 3000 метрде де жақсы өнер көрсетіп жүр. Бұрын бізде мұндай спортшы болмаған. Көптеген спортшылар негізінен 500 метрді қолайлы көретін.

Қазір осы үш спортшыға үміт артып отырмыз. Әзірге, қалған қашықтықтар мен эстафета туралы айтуға әлі ерте. Бұл туралы жарыс кезінде белгілі болады. Қазір команда Нұр-Сұлтан қаласында карантинде. Біз дайындықты тоқтатқан емеспіз. Бәрі де карантин шараларын сақтауда. Біздің мақсатымыз – ойынға дені сау спортшыларды апару», - деді команданың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.