Бейжің Олимпиадасы: атлеттер киіміне «QAZAQSTAN» деп жазылады

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына спортшылар жаңа киім үлгісімен аттанады, деп хабарлайды Хабар 24 Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Атлеттердің киімінде «QAZAQSTAN» сөзі латын қаріптерімен ана тілімізде айтылатындай Q әрпінен басталып жазылған. Мамандар бұл тек спортшылар үшін емес өз командаларын қолдайтын барлық жанкүйер үшін маңызды дейді. Себебі олимпиада кезінде кез келген жабдыққа ерекше назар аударылады. Жаңа форма жақын күндері ресми таныстырылады.

Елсияр Қанағатов, Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры:

– Шынында бұл патриоттық сезім береді деген ойымыз бар. Ал біздің құрама команда қазіргі таңда өзінің ақырғы оқу-жаттығу жұмыстарын жасап жатыр. Жақында олимпиада ойындарына қатысады. Сондықтан біздің қазақи атпен жазылған форма киген спортшыларымызды қолдауға шақырамыз.