Australian Open: Александр Недовесов жұптық сында «Ролан Гаррос» чемпионын ұтты

Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Австралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Недовесов пәкістандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 7-ракеткалары француздар Николя Маю/Фабрис Мартен жұбымен өткізді.

Тартысты өткен матч тағдыры үшінші сетте шешілді. Қазақстандық-пәкістандық жұп 7:6 (7:1), 5:7, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Недовесов пен Куреши 2 сағат 29 минутқа созылған бәсеке барысында 11 эйс жасап, үш брейкке қол жеткізді.

Енді олар екінші айналымда тағы бір қазақстандық Александр Бублик – Польша өкілі Ян Зелински немесе америкалық Маркос Хирон – оңтүстіккореялық Сун Ву Квон жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Николя Маю тағы бір франциялық Пьер Эрбермен бірге өткен жылы «Ролан Гаррос» турнирінің финалында қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубевті ұтып, чемпион атанған болатын.