Australian Open: Анна Данилина жұптық сында үшінші айналымға шықты

Қазақстандық теннисші Анна Данилина жұптық сында Австралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Қазақстандық-бразилиялық жұп екінші айналымда чехиялықтар Тереза Мартинцова – Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты. Беатрис пен Анна 4:6, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 39 минутқа созылған матчта 2 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың алтауын өз есептеріне жазды. Қарсыластары 2 эйс, 4 брейктен (7 брейк-пойнт) аса алмады.

Б.Хаддад Майя мен А.Данилина ширек финалға шығу үшін жарыстың 10-ракеткалары, чехиялықтар Мария Боузкова – Луция Градецка немесе испаниялық Алена Большова – норвегиялық Ульрикке Эйкери жұптарының қай жеңгенімен таласады.