Ұлттық құрамаға жанкүйер болып, бірлігімізді көрсетейік – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Бейжің қаласында өтетін ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып, Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы бұған дейін атлеттеріміз қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жалпы 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжалағанын еске салып, дүбірлі дода тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сынды спортшылардың даңқты жеңістері азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырғанын айтты. Осы жолы да ел намысын қорғауға бара жатқан толағайларымыз алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайды деген сенімін білдірді Президент. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев пен Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлицке еліміздің Мемлекеттік туын тапсырып, спортшыларымыз көк байрағымызды Олимп шыңына шығарып, мемлекетіміздің мерейін көтере беруіне тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы Олимпиадада сіздер де лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін. Паралимпиадашылар үшін де маңызды сәт жақындады. Елімізде инклюзивті қоғамды дамыту жолында Паралимпиада ойындарының маңызы зор. Қазақстандық паралимпиадашылардың жеңістері – мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Өкінішке қарай, біздің спортшылардың соңғы дайындық күндері қаңтардағы қайғылы оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ең бастысы, ынтымақ пен бірліктің арқасында біздің халқымыз мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін лаңкестікке лайықты тойтарыс бере алды. Біз бүкіл ел болып ұлттық құрамаға жанкүйер болатын жарыс күндері де жалпыұлттық бірлігімізді көрсететінімізді білемін.