Australian Open: А.Недовесов жұптық сында үшінші айналымға шыға алмады

Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Австралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

А.Недовесов пәкістандық Айсам-уль-Хак Курешимен бірге екінші айналымда америкалық Маркос Хирон – оңтүстік кореялық Сун Ву Квонмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда қазақстандық-пәкістандық жұп екі рет брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда Хирон мен Квон жеңісті жұлып алды – 7:6 (10:7).

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Куреши 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті. Хирон мен Квон ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 10-ракеткалары, нидерландтық Уэс Колхоф – британдық Нил Скупскимен таласады.