Футзал: Қазақстан құрамасы Финляндия командасын ойсырата жеңді

Нидерландта өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп жазады Prosports.kz.

B тобындағы екінші матчта жерлестеріміз Финляндия құрамасымен кездескен еді. Кака шәкірттері екінші таймның бел ортасында қарсыласынан 1:2 есебімен ұтылып жатқан. Әйткенмен, капитан Игита таразы басын теңестіріп, сосын Арнольд Кнауб дубль авторы атанды. Матчтағы екінші голын соққан Біржан Оразов есепті 5:2 қылды. Ал матч нүктесін Азат Валиуллин қойды. Қорытынды есеп - 6:2! 

Италия мен Словения тең түсіп, Қазақстан құрамасы төрт ұпаймен көш бастады. Ал аталған екі құрамада екі ұпайдан болса, финдердің еншісінде бір ұпай ғана. Екі матчтан кейін қазақстандықтар 10 доп соғып, өз қақпасына алты гол жіберіп алды. Бүгін екі мәрте қарсылас қақпасынан саңылау тапқан Біржан Оразов чемпионаттағы үшінші добын еншісіне жазып, команданың қазіргі таңдағы үздік сұрмергені. Сондай-ақ Дуглас және Арнольд Кнаубта екі голдан. 

Соңғы матчта Қазақстан құрамасы Италиямен, Финляндия Словениямен кездеседі. 

Финляндия — Қазақстан 2:6 (1:1) 

Гол соққандар: Хосио 13 (1:0), Оразов 18 (1:1), Корпела 24 (2:1), Игита 25 (2:2), Кнауб 29 (2:3), Оразов 32 (2:4), Кнауб 34 (2:5), Валиуллин 40 (2:6).