Бейжің Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар кімдер

Бейжің Олимпиадасының басталуына 9 күн қалды. Prosports.kz Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларды жариялады.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша біздің қысқы спортшыларымыз 46 квотаға ие болды, оның ішінде:

Биатлон: 3

Тау шаңғысы: 2

Конькимен жүгіру спорты: 12

Шаңғы жарысы: 7

Шаңғы қоссайысы: 1

Шаңғы акробатикасы: 4

Могул: 6

Трамплиннен секіру: 2

Шорт-трек: 9

Айта кетерлігі, биатлонда Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин және Владислав Киреев жекелей жарыста, спринтте өнер көрсетеді, оған пасьют те қосылуы мүмкін. Масс-стартқа жолдама алу үшін Олимпиада жарыстарының жүлдегері болу керек, өйткені әлем кубогының жалпы турнир кестесінің алғашқы 15-іне олардың ешқайсысы кірмейді. Үш эстафетада да қазақстандықтар болмайды, өйткені қажетті квоталарды ала алмадық.

Шаңғышыларымыз Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга әйелдер арасындағы алты жарысқа да қатысады. Ал Виталий Пухкало және Евгений Величко ерлер арасындағы бес жарыста бақ сынайды, эстафетада іріктеуден өте алмадық.

Могулда Юлия Галышева, Анастасия Городок, Олеся Граур, Аяулым Әміренова, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков жүлделерді сарапқа салады.

Конькимен жүгіруде Қазақстанның намысын қорғайтындар: Иван Аржанников (500, 1000 м), Денис Кузин (1000 м), Дмитрий Морозов (1500 м, масс-старт), Екатерина Айдова (500, 1000, 1500 м), Надежда Морозова (1000 , 1500, 3000 м, масс-старт).

Шорт-трекшілер Абзал Әжіғалиев (500, 1000 м), Денис Никиша (500, 1500 м), Әділ Ғалиахметов (500, 1500 м), Ольга Тихонова (1000, 1500 м) және Яна Хан (микст-эстафета) медальға таласып көреді.

Шаңғы акробатикасындағы құрам әлі жарияланған жоқ, бірақ бізде үш жеке квота және микст бар екені белгілі. Бейжіңге Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмырзаева және Шерзод Хаширбаев баратын шығар.

Шаңғымен трамплиннен секіруден екі квота бар, оларға Сабыржан Момынов, Сергей Ткаченко, Данил Васильев және Нитика Девяткин үміткер. Ал бас бапкер Биекенов өз таңдауын әлі жасаған жоқ. Орта және үлкен трамплиндегі жекелей жарыстарға екі қазақстандық міндетті түрде қатысады.

Шаңғы қоссайысында бізде бір квота бар, оны Шыңғыс Рақпаров алды. Ол орта және үлкен трамплиндерде жекелей жарыстарда, сонымен қатар Гундерсен жүйесі бойынша 10 шақырымдық жарыста өнер көрсетеді.

Тау шаңғысында бізде екі негізгі квота бар. Ерлер арасында Захар Кучинге бұйырды, әйелдер квотасы Каролина Лата мен Александра Троицкая арасында бақылау жаттығуларының қорытындысы бойынша анықталды. Троицкая ұшар алдындағы карантинде жатыр және ол жалғыз әйелдер квотасына ие болды.

Айта кетейік, Бейжіңде қазақстандықтар тек слалом мен гигант слаломда өнер көрсетеді.

Осылайша, Олимпиадада Қазақстан намысын тоғыз спорт түрінен 34 спортшы қорғайды.