Бейжің 2022: 19 спортшы үшін тұңғыш Олимпиада

Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға Қазақстаннан жүзге жуық адам барады.

Оның ішінде ұлттық құраманың 34 спортшысы, спорттық сервис пен штабтың 14 қызметкері, ғылыми кешеннің 10 адамы бар. Ұлттық олимпиада комитеті келтіргендей, 19 спортшы үшін бұл тұңғыш Олимпиада. Жалпы құрамадағы ең жас спортшы 16-да болса, жасы ең үлкені 35-те. Мәлім болғандай, қазақстандық делегацияның жол-пұлы мен өзге де шығындарына қазынадан 228 млн теңге бөлінген. Бірақ ұйымдастырушылар талабына сәйкес, делегаттардың саны алдағы уақытта қысқаруы мүмкін. Олимпиада комитеті сол себепті бұл соманың азаюы ықтимал деді. Ал құраманың оқу-жаттығуы мен дайындығына 400 млн-ға жуық қаражат жұмсалған.

Айта кетейік, Олимпиадаға қатысушылар қаңтардың 27-сі күні чартерлік рейспен елордадан алдымен Алматыға, Алматыдан Қытайға ұшпақ.

Жалпы Олимпиада ойындарына 78 лицензия ұтқан ұлттық құрама бүгінде эпидахуалға байланысты Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жабық жағдайда жаттығып жатыр.