Бейжің-2022: қазақстандық спортшылар жаттығуларын бастады

Бес күннен кейін Бейжіңде қысқы ойындар басталады. Бүгінде жеті олимпиада қалашығы ресми түрде ашылды. Жаһан елдерінен спортшылар 23 қаңтардан бастап келе бастады.

Қазақстандық атлеттер жұма күні аспанасты елінің астанасына жетті. Олар қазір жаттығуларына кірісті. Індет таралуына байланысты карантиндік бақылау қатаң. Арнайы ережелер қабылданған. Олимпиадаға қатысушылар күнде ПТР-тест тапсырулары қажет. Егер нәтиже оң болса, тестті қайталайды. Ол қателікке жол бермеу үшін жасалады. Бүгінге дейін Олимпиада қалашығында 140-қа жуық адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.   

Брайан Макклоски, Олимпиада медициналық сарапшылары панелінің төрағасы:

– Осында келіп, бақылау шаралары қалай сақталатынын көрдім. Ұнады. Әуежай арқылы өтіп, эпидемияға қарсы жүйенің жұмысын ұйымдастыру және іске асыру тиімділігіне таң қалдым. Олар сондай жақсы жұмыс істейді, Олимпиаданың қауіпсіздікте өтуіне еш күмән келтірмейді. Медициналық сарапшылар панелі соңғы апталарда жүйелі кездесулер өткізді. Біз барлық хаттамаларды қарап, олардың соңғы кезде белгілі болған ғылыми дәлелдемелерге сәйкес келетінін тексеріп шықтық.

Еске салайық, қысқы олимпиада ойындарын қазақстандықтар ақпанның 4-і мен 20-сы аралығында «Хабар», «El arna», «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.