Қытайда Бейжің Олимпиадасына дайындық қыза түсті

Бейжің 4 күннен кейін басталатын қысқы Олимпиадаға ерекше қарқынмен дайындалып жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Спорт мейрамын тамашалайтын миллиондаған шетелдікті таң қалдыру мақсатында неше түрлі шара қабылданып жатыр. Спорттан тысқары мәселелер де ұмыт қалмаған. Солардың бірі – қауіпсіздік шаралары.

Төрткүл дүние Қытай астанасындағы «Ұлттық стадионда» өтетін жаһандық жарыстың ашылу салтанатына көз тігеді. Осыған байланысты шара ұйымдастырушылары қазір қызу дайындық үстінде. Мәселен, кеше ауқымды дайындық жұмыстары өтіп, отшашулар сынақтан өтті. Белгілі болғандай, ашылу салтанаты экология мен инновация тақырыптарына арналмақ. Ал шоу 100 минутқа ғана созылады. Оған суық ауа райы мен індет себеп болған.

Індет демекші, ақ Олимпиадаға санаулы күн қалғанда Қытай астанасында коронавирус жұқтыру деректері күрт көбейіп кетті. Аймақта соңғы 18 айда болмаған көрсеткіш тіркелді. Осыған байланысты жергілікті билік дереу шара қабылдап, қаланың кей аудандары локдаунға жабылатынын жариялады. Ал шаһар тұрғындары тексеруден өтуі керек. Ұйымдастырушы комитет келтірген мәліметке сәйкес вирус жұқтырғандардың арасында Олимпиадаға қатысушылар да бар. Атап айтқанда, бүгінге дейін бас-аяғы 176 жағдай анықталса, соның 51-і спортшылар екен. Қазір олардың бәрі карантинде.

Жалпы Қытай билігі байрақты бәсекенің барынша қауіпсіз өтуі үшін қолдан келгеннің бәрі жасап жатыр. Елге келгендерді ұшақтан түскен бетте тексеру былай тұрсын, Олимпиада кезінде қатысушылар өзара байланысқа түспеуі үшін арнайы жүйе де жасалынған. Бұдан бөлек, Олимпиадаға қатысушылар күнде ПТР-тест тапсырулары қажет. Егер нәтиже оң болса, тестті қайталайды. Ол қателікке жол бермеу үшін жасалады.

Брайан Макклоски, Бейжіңдегі олимпиада ойындарының медициналық сараптама панелінің басшысы:

– Аталған шаралардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көріп жүрмін. Әуежайға келген кезден-ақ жүйенің қаншалықты жақсы әрі тиімді ұйымдастырылғанына таңқалдым. Ойындар қауіпсіз өтеді деп ойлаймын. Омикронға келгенде жағдай күрделірек болғанымен, жүйеге сенуге болады. Өйткені арақашықтық сақтау, қолды жуу, бетперде тағу секілді сақтық шаралары омикронның таралуына тосқауыл болады. Алдыңғы тәжірибемізге сүйене отырып, біз байланыста болған адамдарды оқшаулау уақытын 14-тен жеті күнге дейін қысқарттық.

Сақтық мақсатында Бейжіңдегі медиаорталықта Қысқы Олимпиада ойындарына келген тілшілерге құлтемірлер қызмет етеді. Кез келген асты роботтар дайындап, кейін өздері  жеткізіп береді. Осылайша ұйымдастырушылар аймақта коронавирус індетінің таралуын мейлінше азайтуды көздейді. Бұдан бөлек, Олимпиада қатысушылары мен қонақтарына арнайы жатын кабиналары да қарастырылған. Ол арнайы пульт немесе смартфонның көмегімен басқарылады.