83 жастағы конькиші әжей интернет-жұлдызға айналды

Қарағанды облысының Ақтас кентінде тұратын Ырысты Ілиясова 83-ке келген жасына қарамастан сырғанақ тебеді. Кейуананың мұз айдында конькимен жүрген сәті әлеуметтік желіге тез тарап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болды.

- Көңіл жас, тән қартаяды.

Ырысты Ілиясова ұзақ жыл сауыншы болып еңбек еткен. Кейін жергілікті ауруханада санитар болып, зейнетке шығады. Жас кезінде шаңғы тепкені болмаса, мұз айдынға шығып көрмепті. Конькиді 80 жасында алғаш рет аяғына киген. Содан бері қызығушылығы артып, Қарағандыға сырғанақ тебуге жиі келетін болыпты. Бұл үшін жеке коньки де сатып алған. Әжейді мұз айдынға ұлы әкеліп тұрады екен. Ол мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы.

Бораш Ілиясов, Ақтас кентінің тұрғыны:

- Анам мұз айдынға шыққан кезде «құлап қала ма» деп зәре-құтым қалмайды. Бұл жаста адамның сүйегі сынғыш келеді, мертігіп қалса жазылуы да қиын. Мен коньки тебуге тыйым салғанныммен тыңдамайды. Жүрегі соны қалап тұрса не істей аламын.