Олимпиада әлем халықтарының бірігуіне үлес қосады – Ло Чжихуань

Бейжіңде қысқы Олимпиада алауының эстафетасы басталды. Ол жарыс өтетін үш кластердегі 11 нысанды аралап шығады. Эстафетаға бір мың екі жүздей адам қатысады. Қытай астанасындағы қысқы Олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығында өтеді.

«Денсаулық. Қуаныш. Энергия». Бұл Қысқы Олимпиада алауы эстафетасының ұраны. Үш күнге жалғасатын іс-шарада алау ойын өтетін үш кластер – Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоуды аралып шығады. Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін әлемдегі тұңғыш шаһар. Алайда пандемияның кесірінен биыл эстафета 2008 жылдағыдай ауқымды болмайды. Ол кезде алауды бес құрлық пен Қытайдың бүкіл өңіріне жеткізген болатын. Эстафета Олмипиадалық орман саябағында басталды. Ертең алау Ұлы Қытай қорғанына, одан кейін шаңғы жарысы өтетін Чжанцзякоуға жеткізіледі. Ал жұма күні Бейжіңге қайтарылып, алғаш рет Олимпиада ойындары өтетін жабық аймаққа әкелінеді. Бұл күні жарыс та басталады. Алауды көтеру құрметіне білім, мәдениет, ғылым мен медицина секілді Қытайдағы түрлі салалардың көрнекті өкілдері ие болды. Арасында үш рет ғарышқа ұшқан тайконавт та бар.

Цзин Хайпэн, ғарышкер:

– Қуанышым шексіз. Бұл мен үшін үлкен абырой әрі жауапкершілік. Бұл алау бүкіл тайконавттардың Отанына деген сүйіспеншілігін жеткізеді. Ғарышта біз түрлі құралдарда жаттығамыз. Болашақта онда қысқы спорт түрлеріне арналған сайман болатынына үміттімін.

«Ұшқыш» деп аталған алау иірмелі құрылым түрінде жасалған. Қызыл түсі Ұлы Қытай қорғанын, ал күміс түсі адамның кемелге жету ұмтылысын білдіреді. Эстафетаға роботтар да қосылады. Бұл болашаққа жасалған қадамға іспеттес. Бірінші болып эстафетаны қысқы спорт түрлерінен Қытайдың тұңғыш әлем чемпионы бастады.

Ло Чжихуань, қысқы спорт түрлерінен Қытайдың тұңғыш әлем чемпионы:

– Өмірімде алғаш рет Олимпиада алауын ұстап тұрмын, осындай тағы бір мүмкіндігім болмас деп ойлаймын. Бұған өте ризамын әрі толғанып тұрмын. Пандемия туғызған қиындықтарға қарамастан Олимпиада сәтті өтетініне сенемін. Сондай-ақ Қытайда қазір Жаңа жылды тойлап жатыр. Сондықтан бұл біз үшін қос мейрам. Олимпиада ойындары – ең алдымен, бұл Олимпада рухы, бейбітшілік, бірлік және денсаулық. Қысқы Олимпиада өз жетістіктерімен қатар, бүкіл әлем халықтарының бірігуіне үлес қосады деп ойлаймын.

Эстафетаның басталу рәсіміне көрермендерді де жіберді. Ал Халықаралық Олмипиада комитетінің президенті Томас Бах өз бейнеүндеуін жолдады. Оның айтуынша, адамдар тек бірігіп қана жетістіктерге жете алады. Олимпиада алауының эстафетасы да тап осы ұранмен бүкіл әлемді ауызбіршілікке шақырып отыр.

Ботагөз Сырғабаева, Владимир Грабарь