loader


Бейжіңде жүрген БАҚ өкілдеріне қандай жағдай жасалған

Ақ олимпиаданың ашылу салтанаты жақындап қалды. Бейжіңде жүрген БАҚ өкілдерінің жұмысы енді қызады. Спортшылардың жетістігі мен жеңісін жарыса жазатын журналистер қауымына қалай жағдай жасалған? 

Ойындар алауы жанғанша, БАҚ өкілдерінің барлығы дерлік осы жерде. Ал жарыстар басталған соң әркім өз шаруасымен шұғылданады. Яғни біреулер конькиге барса, енді біреулері таулы аймақтардағы ареналарға тартады. Төрт қабаттан тұратын медиа орталықта тілшілердің тіршілігіне керектінің бәрі бар. Түсінбей жатса, еріктілер көмекке келеді. Автобус пен жүрдек пойыздардың ақпарат орталығы да осы жерде. Тіпті журналистердің ұйықтап, тынығып алуына дейін қарастырылған.

Данил Левин, ресейлік журналист:

– Мен қысқы олимпиада ойындарына үшінші рет қатысып отырмын. Бірақ бірінші рет қаланы аралауға, тарихи орындарды көруге мүмкіндік болмайын деп тұр. Бәрі індетке байланысты екені түсінікті. Шаңғы спорт түрлері алыста болғанымен, сол 200 шақырым жерге небәрі жарты сағатта жететін электропойыздар бар екен. Қытайдың қаншалықты қарыштап дамып кеткеніне тәнті болудамын.

Тойдан тобықтай сый алғыңыз келсе, олимпиадалық ресми дүкендердің бірнешеуі жұмыс істеп тұр. Бағасы арзан деп айтуға келмейді. Кеудеге тағатын кішкентай ғана белгішелер 30 юаньнан, бізше 2 мың теңгеден басталады. Ал олимпиада эмблемасы бар алтын алқаны алғыңыз келсе, 3968 юань яғни, 270 мың теңге санап бересіз.

Асханадан бір мезетте 800 ге жуық адам тамақтана алады. Олардың бәріне бірдей даяшылар емес, тапсырысыңызды лезде жеткізіп беретін роботтар қызмет жасайды.

Стефан Брюссе, ХОК ресми өкілі:

– Бұған дейін әлемнің көптеген жерінде болдым. Бірақ дәл осындай даяшылардың көмегінсіз жұмыс істейтін роботтарды көрген емеспін. Бұл жердің тамағы тым қымбат деп айта алмаймын. Дәміне де үйреніп қалдық.

Әдетте тойдың болғанынан боладысы қызық дейміз. Алайда арқа-жарқа араласып жүрген ақпарат өкілдері жоқ. Керісінше, бір-бірінен қашқақтап жүреді. Сақтанған түрлері. Қысқасы, спортшылар тойы бұрынғыдай көңілді емес. Десе де, барлығы ақ олимпиаданың алауы жанған күнді асыға күтеді.

Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев

Сондай-ақ...