Олимпиадада көк туымыз желбірейтін күн алыс емес – София Берульцева

Еліміздің спорт саңлақтары Бейжіңдегі байрақты бәсекеде бақ сынап жатқан жерлестерімізге ақ тілегін жолдады.

Олар ел үмітін арқалап кеткен олимпиадашыларға сәттілік тіледі.

Елдос Сметов, Олимпиада ойындарының жүлдегері:

– Еліміздің атынан шығатын, еліміздің абыройын көтеретін спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Көк туымыз көкте желбірей берсін. Алтыннан алқа тағыла берсін.

София Берульцева, Олимпиада ойындарының жүлдегері:

– Ел үмітін арқалаған олимпиадашыларымызға жеңіс тілеймін. Көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқап, медаль тағып қайтатын күн алыс емес. 

Сәкен Бибосынов, Олимпиада ойындарының жүлдегері:

– Қысқы Олимпиада ойындарында жеңіспен оралуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Сіздердің айқын жеңістеріңіз Қазақстанның даңқын әлемге паш етіп, отандық спорт саласын жоғарғы деңгейге көтереді. Көк туымыз көк аспанда желбірей берсін.