Олимпиадашылар кішкентай жанкүйерлерден сыйлық алды

Олимпиадашылар кішкентай жанкүйерлерден сыйлық алды
olympic.kz

Олимпиадаға қатысушылар Бейжіңнен сәлем жолдап, жанкүйерлеріне алғыс айтты. Олар отандастарынан қолдау белгісі ретінде балалардың тілегі мен суреті бейнеленген футболкалар алған деп хабарлайды Olympic.kz. 

Суреттер «Бейжің-2022-де #TEAMKZ-пен бірге!» конкурсына қатысушыларға тиесілі. Байқауды ҰОК қысқы ойындар қарсаңында өткізді. Екі апта ішінде сайысқа 200-ден астам жас таланттың жұмысы келіп түскен.  Ең кішкентай қатысушының жасы бар болғаны 4-те.

Футболкалар дизайнына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалар қолдарын қойды. Принттің ортасында еліміздің туын көтеретін спортшы бар.

Жеңімпаздарды қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық командалардың көшбасшылары, оның ішінде Қазақстан ҰОК атлеттері комиссиясының мүшелері таңдады.

«Футболкалар үйдің ыстық сәлемін жеткізетіндей. Бізге ең кішкентай жанкүйерлердің қолдауын еске салып тұрады. Бұл өте символикалық сыйлық. Бүгін ең маңызды күндердің бірінде осы қолдауды сезіну үшін ту ұстауға арналға костюмнің ішінен футболканы киіп шығамын», - дейді шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев.

«Бізге өз тілектерін жолдағандардың барлығына үлкен рахмет. Бұл сондай керемет. Мен Қазақстандағы барлық жанкүйерлерге сәлем жолдаймын. Әсіресе керемет суреттер жіберген балаларға айтарым: Сіздер бізді одан сайын күшті еттіңіздер. Ойындар ресми түрде басталуда, сондықтан бізге жанкүйер болыңызадар», - дейді  конькимен жүгіруші, олимпиадада ту ұстаушы Екатерина Айдова.

Естеріңізге сала кетейік, қысқы ойындардың ашылу салтанаты бүгін Бейжің ұлттық стадионында өтті.