Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Бейжің Олимпиадасының ресми ашылу салтанаты өтті. Ойындардың ашылу рәсіміне еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Қазақстанның көк байрағын шорт-трекші, Қазақстан командасының көшбаcшысы, әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькиден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова алып өтті. Биылғы Олимпиадада ұлттық құрама сапында ел намысын 34 спортшы қорғайды. Жалпы қазақстандық спортшылар 87 жолдама жеңіп алған. Олар шаңғы, фристайл, тау шаңғысы, трамплиннен шаңғымен секіру, шаңғы қоссайысы, биатлон, конькимен жүгіру және шорт-трек сияқты спорттың сегіз түрі бойынша сайысқа түседі.

Айта кетейік, Бейжіңдегі дүбірлі додада, спорттың 15 түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынып, әлемнің 4 мыңнан астам спортшысы бағын сынайды. Ал Қысқы ойындардың барысынан әлемнің түкпір-түкпірінен келген 28 мыңнан аса тілші, хабар таратады.