Бейжің 2022: кезекті өткен жарыс күніне шолу

Қазір Бейжің төрінде нағыз қарбалас. Қысқы ойындардың қызған шағы. Алғашқы жарыс күндері конькимен жүгіру және шорт-трек бойынша медаль жиынтықтары сарапқа салынған.

Бірақ жерлестердің ә дегеннен жолы болмады. Әсіресе басты үмітіміз Надежда Морозова 3 шақырымдық сында 13-сатыдан ғана табылды. Ал 1500 метрлік бәсекедегі көрсеткіші 14-орын. Басқа спортшылардың нәтижесі одан да төмен. Бірақ үмітті үзбейміз. Өйткені Дмитрий Бабенко баптайтын қыз-жігіттер әлі бірнеше қашықтық бойынша бақтарын сынайды. Дәл осылай шорт-трек шеберлері де жарысқа шыққан сайын тақымды қысамыз. Өйткені бұл бағыт соңғы жылдары елімізде жақсы дамып, әлем кубоктарынан құралақан қайтпай жүрміз. Бірақ Олимпиадаға келгенде, неге екенін қайдам, әйтеуір қайталай алмаймыз. Ұлттық құраманың капитаны Абзал Әжіғалиев осы олқылықты түзейтін уақыт жетті дейді.

Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен ұлттық құраманың капитаны:

- Біз қазір осы мен және Денис, Әділ сосын 2 қыз, Ольга және Яна деген, осы Әділ, Яна, Ольга оларда алғашқы Олимпиада. Оларды ойлаймыз кішкене қобалжу сондай болады деп ойлаймын. Негізі әр спортшыда қобалжу болады ғой. Бірақ оларда бірінші Олимпиада болғасын басқаша сепзім деп ойлаймын. Бірге тренировка жасағасын қолдаймыз оны.  

Артынша шаңғы спорттары, оның ішінде фристайл-могул және шаңғымен тұғырдан секіру бағыттары бойынша да жарыстар өтті. Өкінішке орай, ұлттық құраманың негізгі үміті және өткен олимпиада жүлдегері Юлия Галышева жүлдеге ілікпеді.

Шаңғымен тұғырдан секіру бойынша да нәтижелер көңіл көншітпейді. Ел намысын қос спортшы қорғаған. Олар іріктеу сынынан аса алмады. Бірақ өкпелеудің де реті жоқ.

Өйткені мойындау керек, бұл спорттар біздің елде аса дамымаған. Инфрақұрылым мәселесі, резерв мәселесі дегендер өте өзекті.

Юлия Галышева, фристайл-могулдан ұлттық құрама мүшесі:

- Олимпиадаға алғаш рет 2010 жылы қатыстым. Көзді ашып жұмғанша 2022 жылға да келіп қалыппыз. 2010 жылы Канадада 11-орынға, 2014 жылы Ресейде 7- орынға, ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяда 3-орынға тұрақтаған едім. Бұл жолы 11-сатыдан табылдым. Маған қолдау танытып, жанкүйер болған жандарға көп рақмет!

Данил Васильев, шаңғымен тұғырдан секіру бойынша ұлттық құрама мүшесі:

- Трамплиннің сапасы жақсы. Қолайлы. Барлығын жоғары деңгейде ұйымдастырған. Күн суық және жел бар. Бірақ, ол бізге кедергі келтірмеді. Мен осы ойындарға қатысуды армандадым. Ақыры 17 жасымда оған қол жеткізіп отырмын. Олимпиаданың атмосферасын сезініп, бағымды сынағаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта  көрсеткішімді жақсарта түсуге тырысамын.

Расымен де Бейжіңдегі олимпиада отандық спорттағы біраз былықтың бетін ашты. Әсіресе, резервтің жоқтығы өте өкінішті. Алты ай бойы қыс жатып алатын аймақтарымыз бар.

Небір спорттық кешендер қолданысқа берілді.  Небір бағдарламалар қолға алынды. Қаржыландыруға қатысты да мәселе шешілді.  Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі спортшыларды алмастыратын жаңа толқын шықпады.

Болғанның өзінде бәсекеге қабілетсіз. Әсіресе, осындай әлемдік додадаларда топ жара алмайды. Оны салаға жауаптылар да ашық айтады және тығырықтан шығудың жолын іздеп әлек.

Өкіншітісі сол, біз қысқы спорттар жайында осы олимпиада қарсаңында ғана ойланамыз. Осы кезде ғанан кеңінен талқылаймыз. Сосын тағы төрт жыл мүлгіген тыныштық.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Елімізде мысалы 174 спорт түрі дамыған ғой біздің елде. Оның ішінде 15 спорт түрі қысқы бағыт олимпиада бағдаврламасына енген. 15-тің 12-сі даму алған. Бірақ, жазғы спорттарға қарағанда кенже дамыған. Бүкіл спортшылар арасындағы үлесін алар болсақ 4,3-ақ пайыз. 31 пайыз. 

Айтпақшы, Қытай құрамасы атынан сынға түсіп жатқан спортшылар арасында 3 этникалық қазақ бар. Қазір есімдері әлеуметтік желілерде жарияланып, осы тақырып кеңінен талқыланып жатыр. Атап айқтанда, конькиші Ақнар Ардақ  Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде дүниеге келген.

2016 жылы Қытайдың  құрамасына шақырту алды. 23 жастағы Ақнәр  олимпиадада 3 қашықтық бойынша сынға түседі. Одан кейінгі тағы бір қандасымыз — шаңғышы Баян Жалын. Ол 1999 жылы Шыңжаңдағы Іле Қазақ автономиялық облысының тумасы. Осы уақытқа дейін Қытайдың ішкі біріншіліктерінде үнемі топ жарып жүр.

Қытай құрамасындағы тағы бір шаңғышы қазақ Қадыс Беделхан. Ол да 1999 жылы Шыңжаңдағы Санжы дүнген автономиялы облысында туылған. Қадыс Қытай құрама сапында 2017 жылдан бері өнер көрсетеді. Қалай болғанда да өзімізің қыз-жігіттерге және көрші елдегі қандастарға да сәттілік тілейміз.

Қазір темірдің нағыз қызған шағы. Өкінішке қарай, Бейжіңде карантиндік талаптар өте қатаң. Мәселен, спортшылар Токиода екі күнде бір рет короновирусқа қатысты сынама тапсырса, бұнда, керісінше, күніне 2 рет тапсыруға мәжбүр. Қалаға шығуға болмайды, адамдармен байланысуға болмайды, тіпті, тамақ ішкеннің өзінде пластикпен қоршалған үстелде отырады.

Бұның барлығы айналып келгенде спортшылардың физикалық және психологиялық дайындығына кері әсер етері анық. Бірақ, біздің құрама осының барлығын еңсеріп, ел абыройын асқақтатуы қажет. Тіпті, міндетті де. Өйткені қалың қазақ елі қазір теледидарға телміріп, қуанышты хабар күтіп отыр. Басқа жағынан осы олимпиадаға дайындыққа деп миллиарттаған қаржы бөлінді. 

Енді оның қайтарымы ретінде жерлестер жеңіс тұғырынан табылып, көк туымызды желбіретуі тиіс.