Қарағандылықтар қысқы Олимпиадада бақ сынап жатқан спортшыға қолдау білдірді

Екатерина Айдова жүлдеге ілігуі мүмкін. Сондықтан үмітті үзбейміз дейді жерлестері, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандылық спортшының олимпиада ойындарындағы жарысын бапкерлер мен спортшылар бірге тамашалап, барынша қолдау танытып жүр. Күні кеше ол 1500 метрлік қашықтықта бағын сынап, жалпы есепте 18 орынға тұрақтады. Дегенмен алда әлі екі жарыс бар, 500 және 1000 метрге сырғанайды. Дәл осы қашықтықта ол Қазақстанның жаңа рекордын орнатқан еді. Енді оны Бейжің төрінде қайталайды деп үміттенеді сала мамандары.

Айта кетейік, Екатерина ХХІV қысқы ойындарға 3 бірдей лицензияны жеңіп алды. Бұл оның байрақты бәсекеге осымен 4 мәрте қатысуы.

Гүлнар Әлиқұлова, облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің директоры:

– Катя бүгін жақсы нәтиже көрсетті. Алда тағы 1000 метр, 500 метрге жүгіру жарысы бар. Содан жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймыз. Катямен біргеміз. Көп медаль күтеміз.