Біздің елде жаттығатын сапалы трассалар жоқ – Виталий Пухкало

Біздің елде жаттығатын сапалы трассалар жоқ – Виталий Пухкало

Бейжіңде өтіп жатқан қысқы олимпиадада қазақстандық шаңғышылар жарыс жолына шықты. Рас, жүлдеден дәмелі болдық дей алмаймыз. Алайда жақсы нәтиже күткеніміз анық. Жігіттер де, қыздар да үмітті ақтамады. Қытай астасында жүрген әріптесім Жандос Айтбайұлы жарыстан кейін қазақстандық спортшылармен тілдесіп көрген еді. 

Бүгін Чжанцзякоудағы шаңғы жарысына бардық. Қыз-жігіттерімізге жүлденің ауылы алыс екенін білсекте, қолдау көрсетуді жөн санадық. Спринтерлік қашықтықта ерлер арасында ел намысын Евгений Величко мен Виталий Пухкало қорғады. 90 үміткердің арасынан 30 шаңғышы финалдық кезеңге жолдама алды. Осы отыздықтан көріну былай тұрсын, жігіттер келісіп алғандай мәре сызығын 64-65 ші болып қатар кесті.

Жарыстан соң екеуінде әңгімеге тартып көрдік. Көрсеткен нәтижелеріне көңілдері толмай қысылатын шығар деп едік, жоқ сылтаулары да дайын тұр екен. Ендеше тыңдап көріңіздер.

Виталий Пухкало, ұлттық құрама мүшесі:

– Жақсы нәтиже көрсету үшін үнемі жарыстарға шығып, жоғары сапалы трассаларда жаттығу керек. Өкінішке қарай, біздің елде ондай жоқ.

Бүгін осы жарыс алдында саңлақ спортшы Смирновпен тілдесудің сәті түскен. Владимир керісінше Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік бар екенін, шетелге шықпай-ақ шаңғымен шұғылдануға болатынын айтқан. Біздің спортшылар сол Смирновтан сабақ алса ғой, шіркін. Қыздар арасындағы спринтерлік жарыстада қыздарымыздың бітіргені шамалы. Ең үздік нәтиже көрсеткен Надежда Степашкина 51-ші болып  келді. Сол Степашкина біздің сауалдарға жауап берді. Қыздарымыз үшінде жарыс жолы ауыр болыпты, ауа райы суық екен. Тағысын тағылар.

Надежда Степашкина, ұлттық құрама мүшесі

– Мен үшін бұл трасса өте ауыр болды. Өйткені ол тым биік. Демалу қиын болды. Бірақ бұл жарыс маған ұнады. Атмосферасы жақсы. Қол жеткізген нәтижем жаман емес. Маған қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме алғысым шексіз.

Жеңілгеннің сөзі құрсын дейді мұндайда. Болмаса, осы спортшылардың дайындығына еш кедергі болған жоқ. Қыруар қаражатта бөлінді. Намысқа тырысып, жігер мінез таныта алмаған соң, жеңіс қайдан келсін...

Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев