Бейжің Олимпиадасының кезекті жарыс күні қалай өтті

Сонымен Бейжің төріндегі тартыс одан сайын қыза түсті. Күнделікті ондаған медаль жиынтығы сарапқа салынып, Норвегия, Швеция, Нидерланды сияқты елдер жалпы есепте топ басына таласып әлек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бізде әзірге қоржын бос. Жүлде түгіл жүлдегерлерге жақындау да қиын болып тұр. Бүгінге дейін шорт-трек шеберлері ғана жалпы есепте бесінші сатыға тұрақтады. Қалғандарының көрсеткіші, тіптен төмен. Өкінішітісі сол спортшыларымыз әлі жауапкершілікті толық түсінбеген сияқты. Мәселен, күні кеше шаңғы жарысынан спринттік сайыс өтті. Ел намысын қорғаған Евгений Величко мен Виталий Пухкало, жалпы есепте, 64 және 65 сатыларға тұрақтады. Артынша себебін сұраған ек. Былай жауап қатты.

Виталий Пухкало, ұлттық құрама мүшесі:

– Жақсы нәтиже көрсету үшін үнемі жарыстарға шығып, жоғары сапалы трассаларда жаттығу керек. Өкінішке қарай, біздің елде ондай жоқ.

Қазір Виталийдің пікірі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшіліктің ашуын туғызып жатыр. Өйткені дәл осы қыз-жігіттердің дайындығына деп жыл сайын ел қазынасынан миллиардттаған қаржы бөлінеді. Әсіресе, олимпиада чемпионы дәл осындай байрақты бәсекелерде көк туымызды бір емес, бірнеше рет көтерген Владимир Смирнов жағдай жоқ дегенмен келіспейді.

Владимир Смирнов, Олимпиада чемпионы:

– Қазақстанда ұлттық құрамаға қатты көңіл бөлінеді. Барлық жағдай жасалады. Мәселен, дәл осы қыз-жігітердің әлем кубоктарына барып, қатысып жүргендерін жақсы білем. Нәтиже жоқ. Соған қарамастан үлкен көлемдегі қаржы бөлініп жатыр. Менің ойымша оны балалар спортына бағыттау керек. Боашақ чемпиондарды бала жастан тәрбиелеген дұрыс. Солай емес пе?

Тағы бір мысал. Күні кеше биатлоннан 20 шақырымдық жекелей жарыс өтті. Ел намысын қорғаған Владислав Киреев 16 нысананың барлығына тигізді.

Айта кету керек, жарысқа шыққан 92 биатлоншының екеуі ғана нысананың бәріне тигізді. Бірақ Киреев тым баяу. Мәреге 25 болып келді. Әдетте мүлт кетпегендер жүлдеге ілініп жататын. Мәселен, 16 нысананың барлығына тигізген Беларусь спортшысы Антон Смолский күміс алды. Француз Фийон Майе екі рет мүлт кетсе де чемпион болды. Бейжің төріндегі олимпиада отандық спорттағы осы және өзге де былықтардың бетін ашты. Елдегі жауапты мамандар да қарап отырған жоқ. Жуырда ғана спорт және денешынықтыру комитетінің тізгінін алған Самат Ерғалиев өңір-өңірді аралап, спорттық мектептердің жағдайын, дайындық бағдарламаларын, бапкерлердің біліктілігін және өзге де саладағы көкейкесті деген мәселелерді көтеріп, оны бірлесе шешудің жолын іздеп жүр. Мәселен, өткен аптада арнайы топ Ақмола облысында болып, аталған бағыттар бойынша сараптама жүргізді. Енді дәл осындай жұмыстар Солтүстік Қазақстан және өзге де қары қалың, қысы қатты аймақтарда атқарылады. Осы мақсатта қысқы спорт түрлерін дамытудың жаңа бағдарламасы бекітілген. 

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Сол өңірлерде ғой спорттық резервті дайындау, бұқаралық спорт. Нағыз сол өңірлерде болатын жұмыс. Сондықтан оны өңір жасайды деп сырып қана қоймай, төрағаның бастауымен, министрдің тапсырмасымен өңірлермен бірге барлық проблемаларды, кемшіліктерді бірге шешу мақсаты тұр біздің алдымызда.

Бүгін «Айттым сәлем қаламқас» Бейжің төрінде шырқалды. Латвиялық мәнерлеп сырғанаушы Денис Васильев олимпиадада Абайдың  әнімен өнер көрсетті. Нәтижесінде қысқа бағдарламада 85,30 ұпай жинап, жетінші орынға тұрақтады. Енді бүгін ол еркін бағдарламада бағын сынайды.

Айта кетейік, Васильевтің бапкері Стефан Ламбель Денис Теннің досы еді. Абайдың әнін таңдауға сол түрткі болса керек. Васильевтің өзі олимпиадаға екінші рет қатысып тұр. 2018 жылғы байрақты бәсекеде 19-шы орыннан табылды. Ал, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар бұл жолы олимпиадаға жолдама алған жоқ. Еліміздің басты үміті Элизабет Тұрсынбаева былтыр ғана жарақатына байланысты кәсіпқой мансабын аяқтады.

Біз әр сағат сайын ақпарат құралдарын жіті бақылап, Бейжің төріндегі соңғы ақпараттарды алып отырмыз. Әсіресе ауыр жарақат алып, не короновирус жұқтырып, жарыс жолынан шығып қалу жағдайлары жиіледі. Бірақ қуанышымызға орай, біздің спортшылар дін аман. Барлығы бәсекені жалғастырып жатыр. Қысқы ойындардың өзі ақпанның 20-сына дейін жалғасады. Қалай болғанда да біз соңына дейін үмітті үзбейміз. Жерлестеріміз сенсациялық жеңіске жетіп, жеңіс тұғырынан табылуы қажет.

Авторы: Аслан Қаженов