Бейжің-2022: Жартылай финалда Әділге әділдік көмекке келді

Небәрі 23 жастағы Әділ шорт-тректің жілігін шағып, майын ішкен әлем мықтылармен терезесі тең өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жандос Айтбайұлы, тілші:

– Бүгін жеңіске деген жігер мінезбен, намыстың не екенін Әділ Ғалиахметов көрсетті. Бейжің ойындары басталғалы осы күнді асыға күттік емес пе? Небәрі 23 жастағы Әділ шорт-тректің жілігін шағып, майын ішкен әлем мықтылармен терезесі тең өнер көрсетті. Жартылай финалда Әділге әділдік көмекке келді. Ғалиахметовты қағып кеткен Қытай спортшысы ескерту алып, қазақ ұлының еңбегін ескерген төрешілер жерлесімізді финалға шығарды. Ақтық сайыста да қандасымыз аянып қалған жоқ. Ақырғы күшін сарқыды. Бірақ сәл ғана сәттілік жетіспеді.

Осылайша алғашқы олимпиадасына келіп, 8 орыннан көрінген Ғалиахметов үшін бұл – үлкен жетістік. Әділдің әлі талай биікті бағындырарына біздің сенім мол. Бүгін Денис Никишада барын салды. Бірақ бұрылыстардың бірінде құлап қалып, жартылай финалға өте алған жоқ. Негізі Никишаның оң жамбасына келетін 500 метрлік қашықтық. Абзал екеуінен сол сайыста үміт күтеміз.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев