Бейжің-2022: әйелдер фристайл-акробатикадан бақ сынайды

Бүгін фристайл-акробатикадан әйелдер арасында сайыс басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түс кезінде өтетін бұл бәсекеде Қазақстан құрамасынан Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаева бақ сынайды. Ендеше жерлестерімізге жанкүйер бола отырып, сәттілік тілейміз. Кеше ғана ел құрамасы алғашқы медальға бір табан жақындаған болатын. Қазақстандық конкиші Абзал Әжғалиев 500 метрлік қашықтықта төртінші орыннан көрініп, үміт отын жаққан еді.

БЕЙЖІҢ-2022: ОТАНДЫҚ СПОРТ ҮШІН ТАРИХИ ЖЕТІСТІК

Тарихи жетістік. Отандық шорт-трек шеберлерінің көрсеткішіне осындай баға беріліп жатыр. Өйткені ел тарихында алғаш рет қос спортшымыз жекелей сынның финалына шықты. Жарыстың алғашқы күндері Әділ Ғалиахметов ерекше көзге түскен еді. Ол 1500 метрлік бәсекенің финалына дейін жетіп, соңғы сында 8 сатығы тұрақтады. Артынша Абзал Әжіғалиев дәл осылай 500 метрлік бәсекеде 4 орын алды. Бұған қоса, жерлестеріміз аралас эстафетада алыңғы 5-тіктен табылды. Осының арқасында ұлттық құрама спортшылары 70 мың доллар сыйақы алады. Яғни біздің елде жүлдегерлерден бөлек, 4, 5 және 6 орын алғандарға да төлем қарастырылған. Мәселен, Абзалға 4 орын үшін 30 мың доллар табысталады. Ал эстафетада ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова және  Яна Хан төрттігіне 10 мың доллардан беріледі.

БЕЙЖІҢ-2022: ОЛИМПИАДА РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ

арыстың кезекті күні әйелдер арасындағы 3 мың метрлік бәсеке өтті. Соңғы сында Нидерланды құрамасы алдына жан салмай, жоғары нәтиже тіркеді. Яғни, аталған аралықты 4 минут 03,409 секундта жүріп өтті. Бұл алдыңғы рекордқа қарағанда бірнеше секунд бөлшегіне аз. Айта кету керек, оны да дәл осы қыздар тіркеген еді. 2018 жылы Пхенчхан олимпиадасында Нидерланды құрамасы үздік көрсеткішпен топ жарды. Араға төрт жыл салып оны өздері жаңартты. Соның арқасында құрама қоржынына кезекті алтынды салды. Үздік үштікті Корея мен Қытай құрамасы түйіндеді. Бұл сында қазақстандық қыздар өнер көрсетпеді.

БЕЙЖІҢ-2022: ЕСІНЕН ТАНЫП ҚАЛДЫ

Биатлоннан әйелдер арасындағы сында жайсыз жағдай орын алды. Жарыстың кезекті күні 10 шақырымдық бәсеке өткен еді. Норвегиялық Ингрид Тандревольд оны тәп-тәуір бастап, біразға дейін үздіктер қатарында болды. Бірақ, соңғы шақырымда өзін жайсыз сезініп, жылдамдығын жоғалтты. Салдарынан тек 14 болып келді. Тіпті, мәреге сызығынан асқаннан кейін сылқ етіп құлады. Артынша медицина мамандары көмекке келіп, ұзақ уақыт есін жинауға көмектесті. Кейін жарыс алаңынан оны сүйемелдеп әкетті. Ал жарыс жеңімпазы тағы бір норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн атанды. Күміс жүлде Швеция, ал қола Норегия спортшыларына бұйырды. Ел намысын қорғаған Галина Вишневская 52 сатыдан табылды. Ол нысана көздеуде 4 рет қателесіп, жеңімпаздан 7 минут артта қалды.

БЕЙЖІҢ-2022: ЖАЛПЫ МЕДАЛЬДЫҚ КӨРСЕТКІШ

Сонымен кезекті жарыс күнінің қортындысы бойынша Норвегия құрамасы топ бастап тұр. Оның өкілдері 21 медаль жеңіп алды. Тоғызы алтын. Одан кейін өкшелеп Германия келеді. АҚШ пен Нидерланды да тізімнің бірінші сатысына шығуға дәмелі. Ал ұлттық құрама қоржыны әзірге бос.

Айта кетейік, Бейжіңдегі ойындар 20-шы ақпанға дейін жалғасады.