Бейжің Олимпиадасында ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиевтің анасы қазақ еліне алғыс айтты

Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев – Орал қаласының тумасы. Құрама сапында көк туды көтеріп шыққан ол қоржынға олжа салудан да үмітті еді. Әттең, жүлде бұйырмай, отандасымыздың төртінші орынға тұрақтағанын ел көрді. Абзал Әжіғалиевтің финалдық сындағы өнерін ұстаздары мен отбасы мүшелері теледидардан тамашалап, жанкүйер болды.

Оралдағы Абзал Әжіғалиевтей өреннің өсіп-өнген аядай пәтеріне ет жақын тума-туыс түгел жиналыпты. Бұл үйде қазір спортшының анасы ғана тұрады. Үнемі жарыс жолында, байрақты бәсекелерде жүргендіктен жалғыз ұлымды сирек көретінім рас,- дейді ол

Шолпан Қайлонова, Абзал Әжіғалиевтың анасы:

– Мәдіғали деген жаттықтырушысы осы баламды жетістікке жеткізіп, жаттықтырушы ғана емес, әке орнына әке болып тәрбиелеп жүр. Қазақ еліне рахметімді айтамын. Баламынң ту ұстап шыққанына өте ризамын. Өзі 5 сыныптан спортқа қатысады. Әкесінен 5 жасында қалды. Өмірдің жақсысы да, жаманы да кездесті осы күнге дейін. Бұл менің жалғыз ұлым. Осы спортқа барғанына өкінбеймін. Жақсы тәрбие алып, жақсы жолда жүр деп есептеймін.

Абзал Әжіғалиевті қолдаған жанкүйерлер сапында ұстаздары да бар. Әсіресе, финалға өткен сәттегі қуанышты көңіл-күйі қазір әлеуметтік желіде кең тарап кетті.

Шорт трек шебері алғаш рет 2008 жылы Мәскеуде өткен дүбірлі жарыста жүлдегер атаныпты. Содан бері талай белесті бағындырғанына мына марапаттары куә. Азиада мен Универсиада және Әлем кубогі сындарында алтыннан алқа тақты. Сочидегі, кейін Оңтсүтік Кореяда өткен олимпиадаларда  финалдық сында бақ сынады. Рас, соңғы жылдары ел намысын қорғап жүрген оғлан ұл туған қаласына сирек келеді. Келгенде де өз пәтеріне қона жатуына мүмкіндік жоқ,- дейді әжесі. 

Бижамал Қайленова, Абзал Әжіғалиевтың нағашы әжесі:

–  Осындай дәрежеге жеткеніне бүкіл нағашылары, бүкіл ел, бүкіл облыс, бәрі қуаныштымыз ғой. Баланың өнері үстем болсын, дені сау болсын дейміз. Енді сол жиеніміз далада жүр. Жалғыз шешесі бар. Үйдің аумағы мынау. Келгенде демалатын жері жоқ. Облыс әкімдері сол балаға бір-екі бөлмелі үй берсе болады ғой. Былтыр карантин тұсында екі ай мына баланың үйінде жатты. Ондай балаларға жағдай жасалуы керек қой.

Салауат Қайленов, Абзал Әжіғалиевтың нағашысы:

–  Абзал енді менің жиенім, кішкентайынан осы спортқа жақын болды. Қайсар, алдына қойған мақсатына жетуге тырысады. Үлкен ағамыздың екінші баласы Абзалға еліктеп  шорт тректе жүр қазір.

Абзал Әжіғалиев қысқа қашықтық бойынша әлем кубогінің жеңімпазы. Бұл жолғы сында төртінші орынға табан тіреген ол қазақстандық шорт-трекшілер арасындағы ең ірі жетістікке қол жеткізді. Қазір Абзал шорт тректен әлемдік деңгейдегі үздік бестіктің қатарында. Бұл да Қазақстандық спортшы үшін үлкен жетістік,- дейді сарапшылар.     

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов