Бапкерлер: Жеңімпаздарды даярлау үшін кешенді жұмыс атқарылуы керек

Қысқы Олимпидалық спорт түрлерінен жеңімпаздарды даярлау үшін кешенді жұмыс атқарылуы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы шорт-трек және трамплиннен секіруден жаттықтыратын бапкерлер айтады. Мәселен, Норвегияның өзінде қысқы спортқа ден қойған 1,5 мың спортшы бар. Өкінішке қарай, Қазақстандағы бұқаралық спорттың өзі ондай деңгейге жете қоймаған. Соның өзінде жазғы және күзгі дайындықтың нәтижесінде, шорт-трекшілер Бейжіңде межеленген жоспардың 90 процентін орындаған. Бапкерлердің айтуынша, қазіргі команда сапында жастар жүр. Үздік нәтижеге қол жеткізуі үшін жаттықтырушылардың біліктілігін арттырған абзал. Ол үшін Еуропалық спортшыларды жеңіске жетелеген мықты мамандарды жұмысқа тартса, көрім болар еді. 

Мадығали Қарсыбеков, шорт-трек бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері: 

– Біз Ресей командасының жұмысы көрдік. Ол 2018 жылы болатын. Олардың ғылымдары мен зертханаларының қалай жұмыс істейтінін көрдік. Бізде ол жоқ. Бізде спорттық ғылым жеке дара қаралады. Бапкердің жалғыз өзі бәрін қатырады деп үміттенуге болмайды. Меніңше, біздегі тәжірибе жеткіліксіз. Әлі де талай жұмыс істеу керек. Ғылымға жүгіну керек. Менің ойымша, команда келесі Олимпиадаға жаңа деңгейде өнер көрсететін болады.

Қайрат Биекенов, трамплиннен секіру бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Негізгі базамыз Алматыда орналасқан. Өйткені өзге өңірлерде балаларға арналған трамплин жоқ. Оның өзінде Алматыдағыны 2010 жылы салған. Содан бері 11 жыл өтті. Щучинскіде жақсы база бар, бірақ трамплин жоқ. Балаларды баулу үшін арнайы мектептер қажет. Егер таулы өңірлерге балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп салған абзал. Балалар спортқа келсе, онда бізде де оларды іріктеп алуға таңдау болар еді.