Елімізде спорт бойынша ғылыми зерттеу институты құрылады

Елімізде спорт бойынша ғылыми зерттеу институты құрылады
Sputnik Казахстан

Бейжің төрінде сенсация тіркелді. Ерлер арасындағы хоккейде Чехия Швейцария құрамасына есе жіберіп, ширек финалға шыға алмады. Бұл чехиялық команда тарихындағы ең төменгі нәтиже. Ал жеңіске жеткен Швейцария енді Финляндия құрамасымен ойнайды. Бұдан бөлек, АҚШ-Словакия, Швеция-Канада және Ресей-Дания жұптары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. 

Елімізде спорт бойынша ғылыми зерттеу институты құрылады. Бұл жөнінде ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов мәлімдеді. Оның айтуынша бұл бастаманы құзырлы министрлік көтеріп, үкімет тарапынан қолдау алған. Енді жүзеге асыруға белгілі бір уақыт қажет. Бейжіңге қазақстандық делегацияны бастап барған маман спорттық медицина мен спорттық ғылымға ерекше мән беру керектігін алға тартады. Бүгінге дейін елімізде спорттық медицина орталықтары ашылып, оған қажетті құрал жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, кешендім ғылыми топтың біліктілігін арттыруға ерекше мән беріледі. Енді осы жұмыстар бір жүйеге түсіп, нақты нәтиже беру үшін арнайы институт қажет деді.

Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры

– Бапкерлеріміз қазір әр жерден ақпарат жинап, барынша  қолдануға тырысады. Бірақ бұл жұмыстардың жүйелі жүргізілгені дұрыс. Арнайы институт құрылса, бұқаралық спортты дамытуға да, кәсіпқой спортты дамытуға да серпін берер еді. Осы олимпиададан кейін бұл мәселе алдыңғы қатарға шығады деп ойлаймын. Ал біздің спортшыларымыздың нәтижесі оның жылдам жүзеге асуына мұрындық болуы қажет.

М. ҚАРСЫБЕКОВ: ЖОСПАРДЫ 90% ОРЫНДАДЫҚ

Шорт-трек шеберлері жоспарды 90 проценке орындады. Бұл жөнінде ұлттық құраманың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы маусым жерлестеріміз үшін сәтті болды. Әлем кубоктарында жүлдеге іліккен спортшыларымыз бар. Ал, олимпиадада тарихи нәтижелер тіркелді. Мәселен, Абзал Әжіғалиев ел тарихында бірінші рет қысқа қашықтықта финалға шығып, жарыс қорытындысы бойынша 4-ші сатыға тұрақтады. Ал, Әділ Ғалиахметов 1500 метрлік бәсекеде 8-ші орын алды. Бұған қоса жерлестеріміз аралас эстафетада алыңғы 5-тіктен табылды. Осының арқасында ұлттық құрама спортшылары 70 мың доллар сыйақы алады. Яғни, Абзалға 4-ші орын үшін 30 мың доллар табысталады. Ал эстафетада ел намысын қорғаған төрттікке 10 мың доллардан беріледі.

БЕЙЖІҢ-2022: ШАҢҒЫШЫ ҚҰЛАП, ЖАРЫС ТОҚТАТЫЛДЫ

Шаңғышы құлап, жарыс тоқтатылды. Бейжің олимпиадасында тағы жайсыз жағдай орын алды. Тау шаңғысынан әйелдер арасындағы сында франциялық Камилла Черутти қателік жіберіп, жарыс барысында сүрініп кетті. Салдарынан бәсеке уақытша тоқтатылды.  23  жастағы спортшығы медициналық көмек көрсетіліп, жарыс алаңынан эвакуациялады. Бұл жағдайды тікелей эфирден көрсетпеді. Жалпы тау шаңғысы өте қауіпті спорт саналады. Өйткені, төменге құлдилаған қатысушылардың жылдамдығы сағатына 120 шақырымға дейін жетеді. Ал, жарыс жеңімпазы швейцариялық Коринн Зутер атанды. Күміс пен қола Италия спортшыларына бұйырды. София Годжа екінші орыннан көрінсе, Надя Делаго үздік үштікті түйіндеді.

БЕЙЖІҢ-2022: КЕЗЕКТІ ЖАРЫС КҮНІ

Сонымен кезекті жарыс күнінің қортындысы бойынша Норвегия құрамасы топ бастап тұр. Оның өкілдері 26 медаль жеңіп алды. 12-cі алтын. Одан кейін өкшелеп Германия келеді. АҚШ пен Австрияда да тізімнің бірінші сатысына шығуға дәмелі. Ал ұлттық құрама қоржыны әзірге бос.

Айта кетейік, Бейжіңдегі ойындар 20 ақпанға дейін жалғасады.