Дзюдодан Grand Slam турнирі Қазақстан үшін сәтті басталды

Қоржында қос медаль. Қазақстандық дзюдошылар үшін маусым сәтті басталды. Ұлттық құраманың қыз-жігіттері дәл қазір Тель-Авивтегі Grand Slam турниріне қатысып жатыр.

Жарыстың алғашқы күні үш бірдей жерлесіміз жүлдеге таласты. Әсіресе 60 келіге дейінгілер арасында Бауыржан Нарбаев финалға дейін жетіп, соңғы сында украиналық Артем Лесюкке есе жіберді. Жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталды. Осылайша Бауыржан турнирдің күміс жүлдегері атанды. Артынша дәл осы салмақтағы Мағжан Шәмшидин де жеңіс тұғырына көтерілді. Ол қола жүлде үшін әзербайжан дзюдошымен кездесуі керек еді. Қарсыласы татамиге шықпады. Бұған қоса 66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев та қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Бірақ соңғы сында ол украиналық спортшыдан жеңілді. Байрақты бәсекенің өзі үш күнге созылады. Ал оның жалпы қорытындысы 20 ақпанда белгілі болады.