Денис Кузин: Бұл менің спорттық мансабымдағы ең соңғы жарысым

Қазақстандық конькиші Денис Кузин Бейжің Олимпиадасында 1000 метрге жүгіруден сынға түсіп, осы жарыспен бірге спорттық мансабын да аяқтайтынын мәлімдеді, деп жазады Olympic.kz. 

«Жарысқа қатысты ешқандай пікір айта алмаймын. Тек Қазақстан халқынан достарым мен таныстарымнан, бүгін маған жанкүйер болған жандардан кешірім сұраймын. Бүгінгі жарыста не болғанын, неліктен мұндай нәтиже көрсеткенімді білмеймін. Ештеңемен ақтала алмаймын. Тек өте нашар өнер көрсеткенімді білемін. Әсіресе, өз мансабымдағы ең соңғы бәсекеде...

Негізі, қысқа қашықтықтар бойынша өтетін әлем біріншілігінде аяқтасам деп ойлағанмын. Бірақ өзімнің бүгінгі нәтижемнен соң спорттағы ғұмырыма нүкте қоямын деп шештім. Әрі қарай не боларын ойлау қиын. Алдағы мүмкіндіктерімді байқау керек. Қорқынышты. Спортқа 23 жылымды бердім, қолымнан келері де аз. Алдағы уақытта көреміз бәрін», - деді Кузин. 

Айта кетелік, Бейжің ойындарын Кузин қатысып отырған төртінші Олимпиада.