Қазақстандық төреші халықаралық турнирде үздік атанды

WT таеквондодан халықаралық санаттағы қазақстандық рефери Нұрлан Жалғаспаев «Turkish Open 2022» халықаралық турнирінің «үздік төрешісі» деп танылды.

G-2 дәрежесіндегі жарыс Түркияның Анталия қаласында 8-13 ақпан аралығында өтті.

Әрбір ірі жарыста спорт қазыларының қызметін атап өту дәстүрге айналған деуге болады. Басқа елдердің ондаған өкілдерінің арасында мұндай құрметке ие болу өте беделді болып саналады.

Жалғаспаевтан бөлек, «Turkish Open 2022» турниріне Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы төрешілер алқасының қазіргі төрағасы Марғұлан Адай да шақырылды. Соңғысы да 2019 жылы осы турнирдің «үздігі» болып аталған еді.