Бейжіңдегі ауа сапасы 2008 жылғы Олимпиададан жақсырақ

Бейжіңдегі ауа сапасы жақсарып келеді. Қытай астанасында өтіп жатқан Олимпиада ойындары 2008 жылғы додамен салыстырғанда экологиялық жағынан әлдеқайда таза. Ресми дерекке қарағанда, 2008 жылы 189 күн бойы аспан қою түтін құшағында болса, былтыр шаһар көгін түтін 77 күн ғана тұмшалапты. 

Биылғы Бейжің Олимпиадасының спортшылары 14 жыл бұрын Қытай астанасында өткен жазғы ойындар кезімен салыстырғанда 2 есе таза ауамен демалады. 2008 жылы ауаның лас болғаны сонша шаһарды үнемі көк түтін басып, күннің көзі көрінбейтін. Ауа сапасы жылына 176 күн ғана жақсы болса, былтыр бұл сан 288-ге жеткен. Бірақ соған қарамастан, Олимпиада қарсаңында жергілікті тұрғындарға лас атмосфера жайлы хабарламалар тоқтаусыз келіп тұрған.

Жалпы, ауа сапасы тек ел астанасында ғана емес, бүкіл өңірлерде жақсарған. Қазір бұрынғыдан 40 процентке таза. Қытай елінде мұндай көрсеткіш соңғы ондаған жылдар болмаған.  Бұл ел билігі қабылдаған арнайы экологиялық жоспардың нәтижесі. 2014 жылы Қытай үкіметі атмосфераның ластануына қарсы күресті мықтап қолға алған болатын. Атап айтқанда, көмір қазандықтары газға немесе электрмен жылытуға ауыстырылды.

Лаури Мюлливирта, Энергия және таза ауаны зерттеу орталығының ғылыми қызметкері:

– Бейжіңдегі ауа сапасының ең нашар көрсеткіші 2012-2013 жылдары болды. Сол кезде қоғамдық алаңдаушылық та, осы мәселеге қатысты наразылық та өзінің шарықтау шегіне жетті. Осыған байланысты үкімет тиісті шаралар қабылдай бастады. Бейжіңде Олимпиада ойындары секілді маңызды іс-шаралар өтетін кезде билік қою түтіннің алдын алуды одан сайын күшейтеді. 

Қалай болғанда да, бұл істе атқарылар жұмыс әлі де көп. Жағдай біршама жақсарғанымен, атмосферадағы зиянды заттар нормадан жоғары. Мәселен, АҚШ-тың ең лас қаласы саналатын Лос Анжелес пен Бейжіңді салыстырар болсақ, Қытай астанасының экологиялық жағдайы 3 есе нашар.