Дэвис кубогі іріктеу кезеңіне қатысатын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы анықталды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, елордада Junior Davis Cup 16 & under және Junior Billie Jean King Cup турнирлеріне іріктеу жарысы мәреге жетті.

Жарыс қорытындысында 21-27 ақпан күндері Шри-Ланкада өтетін іріктеу сайысында ел намысын қорғайтын ойыншылар белгілі болды.

Ұлдар: Данир Қалдыбеков (Тараз), Әмір Омарханов (Қарағанды), Виталий Зацепин (Қарағанды).

Қыздар: Айя Нұпбай, Асылжан Арыстанбекова, Карина Жұмажанова (барлығы Алматыдан).

Team Kazakhstan академиясының директоры Тимур Аққазиевтің айтуынша, іріктеу турнирлеріне ел өңірлерінен ең мықты жас ойыншылар шақырылды.

«Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әуелі іріктеу сайысында, содан кейін Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде табысты өнер көрсетеді деп үміттенеміз», - деді Т.Аққазиев.