Қазақстан қысқы Олимпиададан қандай сабақ алды

Ақ Олимпиада өз мәресіне жетті. Аспан асты елінің бұл жарысқа жан-жақты дайындық жүргізгені бірінші күннен-ақ байқалды. Қыруар қаржы жұмсағаны көрініп тұр. Қатаң тәртіпті бірінші кезекке қойған. Тіпті, қаланы аралап көруге ешкімде мүмкіндік болған жоқ. Келген ізімізбен кері қайтып барамыз.

Күллі әлем көз тіккен Ақ Олимпиаданың биыл ерекше болғанын айттық. Спортшылар бұрынғыдай қарсыласымен ғана емес, қауіпті індетпен де күресті. Төрт жыл тер төгіп, дүбірлі дода жақындағанда ковидтің кесірінен ойындарға келе алмай қалғандары қаншама. Бейжіңге келіп тұрып, бағын сынамай қалғандары тағы бар.

Норвегиялықтар медальдан тау тұрғызып, жалпы командалық есепте топ жарды. Қытайда қысқы ойындар тарихындағы өздерінің ең үздік нәтижесін көрсетті.
Жалпы, қытай спортшыларына Олимпиадаға қатысудың өзі арман. Өйткені миллиардтардың ішінен оза шабу оңай емес. Төртжылдықтың басты додасы қарсаңында бұл елде әлем чемпионатына бергісіз қаншама іріктеу жарыстары өтеді. Міне, осы іріктеулерден іркілмей өтіп, шын мықты екенін дәлелдеген Шыңжаң өлкесіндегі біздің қандастар да Қытай атынан Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды. Солардың бірі – Ақнәр Адаққызы. Келісті келбетімен ғана емес, мұздағы керемет нәтижесімен көпшілік көзіне түскен қарындасымыздың өнеріне тұтас қазақ елі іштей риза болдық. Қандастарымыз Қазақстанға сәттілік тілеген еді. Өкінішке қарай, біздің құраманың қоржыны бос қалды.

Қысқы спортымыздың қаншалықты тұралап қалғанын осы ойындар анық көрсетті. Оны дамыту үшін дамылсыз еңбек ету керектігі түсінікті болды. Ал қандай жұмыстар жасалу керек екені әлі талай айтылады, жазылады.

Бірінші кезекте балалар спорты мен бұқаралық спортты қолға алу керек. Әрине, барлық қысқы спортты қамтығаннан гөрі, алдымен шорт-трек пен шаңғы және конькиге кең өріс ашылса, осы бір спорт түрлерінің өзінен-ақ дүбірлі додаларда қоржынның қос бүйірін шығарып алуға болады.

Спорттағы қаракөздердің санын көбейту керек. Осы ойындарда көзіміз көрді. Біреулер намыстан жыласа, біреулері күн суық, жол жаман деп жылады. Көпшілігінде жауапкершілік жоқ. Елім деп еңіремеген соң, олардан ерлік күту бекер. Сондықтан қысқы спорттағы қаракөздерді көбейту үшін алдымен ана тілін жетік білетін бапкерлердің де санын арттыру қажет. Олардың білімін жетілдіріп, тәжірибесін толықтыру керек.

Қысқасы болашақ бүгіннен басталады дейміз. Ендеше ерте күнде кеш қылмай, спорт саласының мамандары ертеңнен бастап іске кірісу қажет.

Жандос Айтбайұлы, Дәурен Жұрхабаев

Сондай-ақ...