Бейжіңде ел намысын қорғаған спртшылар елге оралды

Бірер күннен кейін Құрлықтық хоккей лигасы қайта жанданады. Халықаралық дода плей-офф кезеңінен жалғасын таппақ. Осыған байланысты елордалық «Барыс» жолдастық кездесулер өткізіп, дайындығын пысықтап жатыр. Қазақстандық клуб күні кеше ресейлік «Спартакпен» жолықты. Мәскеу қаласындағы матчта 7:2 есебімен қонақтар басым түсті. 

Қазақтар бокс пен күреске ғана емес, қысқы спорттарға да  қабілетті. Бұл жөнінде шорт-тректен ұлттық-құраманың капитаны Абзал Әжіғалиев мәлімдеді. Бейжің төрінде ел намысын қорғаған қыз-жігіттер елге оралды. Оларды Нұр-Сұлтан әуежайынан достары, туыстары және жанкүйерлері күтіп алды.

Айта кетейік, дәл осы шорт-трек өкілдері тарихи жетістікке қол жеткізді. Мәселен, Абзал Әжіғалиев 500 метрде Қазақстан спортшылары арасында алғаш финалға шығып, жалпы есепте 4-ші сатыға тұрақтады. Ал Әділ Ғалиахметов 1500 метрлік бәсекеде 8-ші орын алды.  Бұған қоса, жерлестеріміз аралас эстафетада алдыңғы 5-тіктен табылды. Енді осының арқасында елде шорт-трек жайында көбірек біліп, оған келушілер қатары күрт артатынына сенімді Абзал Әжіғалиев.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Ұзақ үзілістен кейін елімізде де теннис турнирлері жанданды. Дәл қазір елордада әйелдер арасындағы  жарыс өтіп жатыр. Халықаралық теннис федерациясы кестесідегі бәсекеге ондаған кәсіпқой спортшы жиналды. Оның ішінде әлемдік рейтингтің жүздігіне кіретін теннисшілер де бар. Ал еліміздің намысын 6 қыз қорғауда. Алғашқы күні іріктеу сыны өтті және оның финалына жерлестеріміз арасынан Сандуғаш Кенжебаева мен Софья Чурсина ғана жолдама алды. Қалғандары қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Халықаралық турнирдің негізгі бөлігі енді басталады және ол 27 ақпанға дейін жалғасады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 60 мың доллаарды құрайды.

Дархан Жанмұхамедов, Қазақстан теннис федерациясының өкілі:

– Қазақстандық спортшылар жақсы өнер көрсетеді деген үміттеміз. Бұл бәсеке олардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстыруға керемет мүмкіндік. Жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсат та осы. Айтпақшы, халықаралық додаға көрермендер кіргізіліп жатыр.

КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУГЕ ДАЙЫНДЫҚ  

Жәнібек Әлімханұлы төрткүл дүниеге танымал нокаутер Хайме Мунгиямен жолығу мүмкін. Бұл жөнінде WBO ұйымының президенті Франсиско Валкарсель мәлімдеді. Мексикалық боксшы кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. 36 жекпе-жектің 31-ін уақытынан бұрын аяқтады. Соңғысы жуырда ғана мексиканың Тиуана қаласында өтті және ол америкалық Димитриус Баллардты айқын басымдықпен ұтты. Енді рейтингте екінші тұрған Жәнібекпен жолығуы қажет. «Хайме Жәнібекті жеңе ала ма? Жақында білеміз. Күтіңіз» деді WBO президенті. 

Айта кетейік, Жәнібек осы тұжырым бойынша чемпиондық белдікке үміткерлердің бірі. Ол соңғы рет былтыр жұдырықтасты және бұрынғы әлем чемпионы Роб Брантты жеңді. Осылайша бүгінге дейін 10 жекпе-жек өткізіп, барлығында да басым болды.

ШӨЛДІ ДАЛАДАҒЫ ВЕЛОКӨПКҮНДІК  

«Астана» үздіктер қатарына ілікпеді. Біріккен Араб Әмірліктерінде кезекті велокөпкүндік басталды. Биылғы бәсеке 7 кезеңнен тұрады және осы аралықта қатысушылар 1058 шақырымды бағындыруы қажет. Дәстүрлі жарысқа 140 шабандоз қатысып жатыр. Арасында «Астана» командасының өкілдері де бар. Алғашқы қос кезең қорытындысы бойынша қазақсандық клуб мүшелері алдыңғы ондыққа кірмеді. Ең тәуір көрсеткіш Артем Захаровта. Ол соңғы кезеңде мәреге 37-ші болып келді. Ал жалпы есепте 42-ші тұр. Қалған жігіттердің көрсеткіші төмен. Тізімнің басына бельгиялық Йеспер Филипсен  жайғасты. Біріккен Араб Әмірліктері турының жалпы қорытындысы 27 ақпанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ...