«Астана» велокомандасы БАӘ-дегі жарыста көрсеткішін жақсартты

«Астана» көрсеткішін жақсартты. Біріккен Араб Әмірліктерінің шөлді даласында халықаралық велокөпкүндік жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күні спортшылар 181 шақырымды бағындырды. Нәтижесінде словениялық Тадей Погачар топ жарды. Үздік үштікті британиялық және ресейлік спортшылар түйіндеді. Ал «Астана» сапындағы Давид де ла Крус мәреге 22-ші болып жетті.

Айта кету керек, қазақстандық клуб үшін бұл салыстырмалы түрде ең тәуір көрсеткіш. Соның арқасында Давид жалпы есепте 15-сатыға тұрақтады. Ол қазір топ басындағы Погачардан 53 секундқа қалып келеді және үздіктер қатарынан табылуға әлі мүмкіндік бар. Өйткені жарыс енді бел ортасынан асты. Спортшылар тағы 3 кезеңді жүріп өтеді. Біріккен Араб Әмірліктері турының жалпы қорытындысы 27 ақпанда белгілі болады.

Елордада теннистен әйелдер арасындағы халықаралық турнир өтіп жатыр

Жерлестердің жолы болмады. Елордада теннистен әйелдер арасындағы халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні 4 қызымыз өнер көрсетті. Алдымен Екатерина Дмитриченко жапониялық спортшыға есе жіберді. Артынша Гозаль Айнитдинова грузиялық Марьям Болквадземен жолығып, айқын басымдықпен ұтылды.

Айта кету керек, дәл осы Марьям өткен жылы елордадағы турнирдің жеңімпазы атанған. Одан кейін кортқа Жібек Құламбаева мен Аружан Сағандықова шығып, сәйкесінше ресейлік және бельгиялық қарсыластарынан жеңілді. Ендігі үміт жұптық сында бағын сынап жатқан Жібек Құламбаевада. Ол польшалық Мартина Кубкамен бірге ширек финалға жолдама алды. Халықаралық турнир 27 ақпанға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды.