Болгариядағы Странджа кубогінде қазақстандық 4 боксшы шаршы алаңға шығады

Бүгін Болгария астанасы Софияда бокстан Странджа кубогы мәресіне жетеді. Онда қазақстандық төрт былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күндізгі сессияда Махмуд Сабырхан (54 келі) болгариялық Ясен Радевпен қолғап түйістіреді. Аталған сессияның жекпе-жектерінің басталуы елорда уақытымен 18:00-ге белгіленген.

Ал кешкі сессия 22:00-де басталады. Онда Дулат Бекбауов (67 келі) Дания елінің өкілі Николай Тертерянмен кездессе, Сағындық Тоғамбай (86 келі) украиндық Сергей Горсковпен бәсекеге түседі.

Ал Валентина Хальзова (70 келі) ресейлік Галина Головченкомен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, финалдық ойындардың алғашқы күнінде ел құрамасынан Назым Қызайбай ғана чемпиондық тұғырға көтерілді. Айта кетсек, финалға барлығы қазақстандық сегіз боксшы жолдама алған еді.