Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дэвис кубогінің іріктеу кезеңіне өтті

Шри-Ланкада 16 жасқа дейінгі ұлттық құрамалар арасында Juniors Davis Cup іріктеу кезеңі алдындағы жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, ұлттық құрама капитаны Жансұлтан Чемботев бастаған ойыншылар Дамир Қалдыбеков, Әмір Омарханов және Виталий Зацепин алдымен Малайзияны 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Содан кейін дәл сондай есеппен Ирактан айласын асырды. 

Ширек финалда қазақстандық жасөспірімдер Монғолияны тізе бүктірді – 3:0. 

Вьетнаммен жартылай финалдық матч тартысты өтті. Әуелі Ә.Омарханов Нгуенді жеңді – 6:4, 6:2. Әйтсе де Д.Қалдыбековті 6:2, 6:1 есебімен қапы қалдырған Фам Ла Хунг таразы басын теңестірді – 1:1. Дегенмен, жұптық кездесуде Ә.Омарханов пен В.Зацепин финалда жолдама әперді. 

Финалда Қазақстан құрамасы 0:2 есебімен Ираннан ұтылды. В.Зацепин Гавамға 5:7, 7:6, 3:6, Ә.Омарханова Рахманиге 5:7, 2:6 есебімен есе жіберді. 

Соған қарамастан, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы сәуір айында осы Шри-Ланкада өтетін Дэвис кубогінің іріктеу кезеңіне жолдама алды.