Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар материалдық тұрғыдан өмір бойы қамсыздандырылуы мүмкін

Бұдан былай халықаралық спорт додаларында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар материалдық тұрғыдан өмір бойы қамсыздандырылуы мүмкін.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Министрліктің кеңейтілген алқа отырысында айтты. Сондай-ақ ведомство басшысы спорттық ғылым мен медицинаға көңіл бөлінетінін сөз етті. Бүгінгі таңда спорттық инфрақұрылым көлемінің тапшылығы шамамен жарты млн шаршы метрді құрайды. Әсіресе халқы тығыз Түркістан, Алматы облыстарында дене шынықтыру және оңалту кешендерінің жетіспеушілігі байқалады.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Былтыр спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру институты енгізілді. Мұндай мемлекеттік шара елімізде алғаш рет қабылданып отыр. Соның арқасында өткен жылы 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысты. Республика бойынша спорт секцияларын ашуға бөлінген қаржы 6 млрд теңгеден асты.